Ковбойлар көшпенділер ойындарына келе жатыр
Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына америкалық ковбойлар қатысады.
7 жыл бұрын жасақталған АҚШ-тың көкпар құрамасы бүгін Вашингтоннан Астанаға аттанды.
Ковбойлар «Қазақстан тарапы ұсынған көкпар аттармен бірнеше күн жаттығу жасап алып, Астанада атой салып, серкеден салым салу үшін бара жатырмыз. Бірақ көшпенділердің байырғы заманнан келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойындарында топ жару оңай болмас», - дейді. Естеріңізге салайық, Астанадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.
Скотт Зиммерман, көкпардан АҚШ ұлттық құрамасының капитаны:
- Қазақ халқының мәдениетін ұлықтау үшін Астанаға аттанып бара жатқанымызға өте қуаныштымыз. Құрамадағы бірнеше ойыншымыз бұдан бұрын да Орта Азияда болған. Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – керемет мүмкіндік. Біз оны Батыс әлеміне, атап айтқанда америкалықтар мен еуропалықтарға танытқымыз келеді. Жарыста жақсы нәтиже көрсетеміз деген үміттеміз.
Лад Хауол, көкпаршы:
- Біздің құрамамызда екі қорғаушы және екі шабуылдаушы ойыншымыз бар. Әзірге тактикамыз осындай. Мен америкалықтарға көкпарды біздің родео спортына ұқсайды деп түсіндіремін. Бұл ойынның 3000 жылдық тарихы бар, тіпті одан да терең болуы мүмкін. Сондықтан мәдени тұрғыдан өте құнды деп ойлаймын.