Көшпенділер ойынына Өзбекстаннан 120 спортшы қатысады

Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Өзбекстаннан 120 спортшы қатысады, деп хабарлайды 24kz.

Оның ішінде ат үстінде нысана көздейтін арулар да бар. Көрші ел құрамасы бұл сынға сақадай сай. Дайындықты 2 ай бұрын бастап, оқу-жаттығу жиындарын өткізген. Енді ертең Ташкенттен Астанаға жолға шығады.

Өзбекстандық мерген Мумина Даминова жамбы ату спортына 2 жыл бұрын қызыға бастаған. Содан бері білген-түйгенін онлайн сабақтар арқылы толықтырып, кәсіби деңгейге шықты. Қазір ат үстінде садақ атудың хас шеберіне айналды.

Мумина Даминова, спортшы:

- Ат спортымен бала кезден шұғылданамын. Ал кәсіби тұрғыда айналысып жүргеніме 10 жылдай болды. Алдымен олимпиадалық түрлеріне қатыстым. Сосын конкурға ойыстым. Садақ атудың ұлттық түріне ауысқаныма көп бола қойған жоқ. Қазір командамда менімен бірге тағы 2 қыз бар.

Өзбекстан құрамасы сапында сынға түсетін ару екі шәкірт тәрбиелеп жүр. Олар да осы жолғы додада бақ сынайды. Жергілікті ат спорты қауымдастығы Муминаның командасына шетелден арнайы жаттықтырушы алдыртқан. Күніне екі рет дайындалып, байрақты бәсекеге тас-түйін отыр.

Мумина Даминова, спортшы:

- Кейінгі 1 ай бойы күн сайын жаттығып жүрміз. Дайындықты барынша сапалы өткіздік. Себебі Астанаға кіл мықтылар жиналады. Барлық жағдайға дайынбыз. Бұған дейін Түркияда өткен көшпенділер ойындарына қатысқан едім. Алайда жүлде еншілей алмадым. Енді екінші мүмкіндігінде сол олқылықтың орнын түзеймін.

Айта кетейік, Астана төрінде өтетін көшпенділер ойынын түркілер олимпиадасына теңеген өзбек ағайын бағдарламадағы барлық спорт түрінен бақ сынауға ниетті. Ол үшін бас-аяғы 120-дан астам өкілін Қазақстанға жөнелтеді. Көрші ел құрамасы ертең елордаға аттанады.

Авторы: Рауан Мыңбаев