Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында өтеді. LIVE
Көпшілік асыға күткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Ауқымды іс-шараның ресми ашылуы кешкі 7-ге жоспарланған. Соған қарамастан қазір Этноауылда жамбы атудан іріктеу сайыстары өтіп жатыр.
Мерей Қанапия, тілші:
- Біз дәл қазір «Көшпенділер ауылы» этноауылындамыз. Яғни, көшпелі студиядан ақпарат таратып жатырмыз. Енді 2 жылда бір рет өтетін Көшпенділер ойындары да қазақ даласына келіп жетті. Байрақты доданың биылғы ұраны «Ұлы дала дүбірі» деп аталады. Қатысушылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты спорттың 21 түрінен бақ сынайды. Жарысқа 89 елден 2500-ге жуық адам тіркелген және онда барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Дәл қазір этноауылда жамбы атудан іріктеу сайысы басталып кетті. Оған 27 мемлекеттен 78 спортшы қатысып, өзара мықтыларды анықтап жатыр. Дәстүрлі ат үстінде садақ ату жарысы 4 стильде өткізіледі. Онда қатысушылар кәріс, түрік, мажар және қазақ стилі, яғни жамбы ату бойынша сынға түседі. Әр команда сапында 4 спортшыдан болады және әр стиль бойынша бір-бір қатысушыдан бақ сынайды. Жарыс жолының ұзындығы 100, ені 3 метрді құрайды.
Көшпенділер ойындарын 6 нысанда өткізу жоспарланған. Байрақты доданың салтанатты ашылу рәсімі «Астана Арена» стадионында өтсе, жекпе-жек пен күрес түрлерінен сайыстар «Алау» мен Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Ал интеллектуал ойындар «Думан» мен «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешендерінде өтеді және қалған ат жарысы, садақ ату, құс салу секілді ойындар «Қазанат» ипподромы аумағында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, салмақты, ауқымды мәдени іс-шаралардың көпшілігін осы «Қазанат» маңындағы «Көшпенділер ғаламы» этноауылында жүзеге асыру жоспарланған. Мысалы мұнда 6 мыңға жуық адамның қатысуымен 100-ден астам іс-шара өтеді.
Қоғамдық көліктер жанкүйерлерді тегін тасымалдайды
Көшпенділер ойындары қарсаңында 20 қонақүй мен 331 көлік жұмылдырылады. Көлік демекші, жарыс кезінде қоғамдық автобустар тоқтамайды. Олар этноауылға барғысы келетін қала қонақтары мен тұрғындарын күн сайын таңғы 8-ден түнгі 9-ға дейін тегін тасымалдайды. Ол үшін «Астана Арена» стадионы мен EXPO, Бас мешіт аумақтарынан міну керек. Сондай-ақ азаматтар этноауыл, «Қазанат», «Арғымақ» нысандарына өз машиналарымен бара алмайды. Сондықтан елорда тұрғындары өз бағыттарын алдын ала бағамдап алғаны жөн.
Мадияр Тұқпатов, Астана қалалық №1 автобус паркінің басқарма төрағасы:
- 93 автобус автобус ол тек қана қатысушыларға, спортшыларға. Оларды жаңағы қонақүйден өтетін орындарға, шатл бас дейміз ғой, тоқтайтын өзінің аялдамалары бар. Ал енді көрермендерге бір 200-300-ден астам автобус жұмылдырылады.
Көшпенділер ойындарының медалінде қандай белгілер бейнеленген
Сондай-ақ дүбірлі дода аясында 97 медаль жиынтығы сарапқа салынатыны белгілі. Яғни, алтын, күміс, қола барлығын қосқанда 581 медаль жасалды. Ұйымдастырушылар бірнеше дизайнер ұсынған үлгілердің арасынан дәл осы түрін таңдап алған. «Себебі оның мән-мағынасы жоғары, пішіні ерекше», – дейді. мамандар. Онда көшпенділер өркениетінің негізгі белгісі саналатын ат үстіндегі Күн басты адам бейнеленген және отандық спорт, ғылым, мәдениет салаларын қамтитын негізгі 3 символ бедерленген. Ал оның барлығын Қазақстан халқының бірлігін насихаттайын шаңырақ көмкеріп тұр.
Абылай Қондыбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
- Көшпенділердің тарихына қараған кезде осы Күн басты адам руникалық жазбаларда киелі таңба жақсы жаңалықты білдірген. Ол кездегі көшпенділердің күнге сену деген сияқты тәңіршілдік сенімдері болғандықтан жасалған. Бұның негізгі авторлары – қырғыз бауырларымыз. Көшпенділер ойындарын да солар ойлап тапқан. Логатип, медаль жасаған кезде Күн басты адам міндетті түрде болу керек деген талап бар.
Көшпенділер ойындарында 300 төреші қызмет етеді
Кеше Астанада осыған қатысты қазылар алқасының кеңесі өткен еді. Келелі жиынға әр спорт түрінен бас төрешілер мен хатшылар қатысты. Онда дүбірлі доданың ережелері таныстырылды. Төрткүл тарап көз тіккен байрақты бәсекеде әділдік пен ашықтық басты назарда болады.
Тастанбек Есентаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас төрешісі:
- 21 спорт түрінен бас төрешілер болады, бас хатшылар болады. Біздің мақсатымыз, міндетіміз – солардың жұмыстарын үйлестіру, оларға жағдай жасау, жарыс өтетін жерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы төрешіліктің барлық жерде әділ өтуін қадағалау. Егер төрешілердің, спортшылардың шағымы болса, соны 1 сағаттан асырмай қарап, оның шешімін оларға айту.
Көшпенділер ойындарының ашылуында 500-ге жуық құрақ көрпе тігіледі
Көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде өтуіне құрақшылар да белсене атсалысып жатыр. Биыл олар 500-ге жуық көрпе тігіп, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енуді көздеп отыр. Соған байланысты Астанаға еліміздің әр өңірінен тігіншілер келіп, дүбірлі доданың ашылуына дайындалып жатыр. Олардың арасында Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген құрақшылар да бар. Басты мақсат – ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық өнерді, төл мәдениетімізді әлем жұртшылығына паш ету.
Гүлжиһан Әбілманова, ұстаз:
- V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ашылуында «Қазанат» ипподромында осы көрпелер жайылады екен. Сол көрпелердің үстінде біздің қазақтың құрағының мәнін, берекесін, яғни біздің құрақты әлемге паш ету мақсатында шығамыз. Бұл көрпеге біздер көптен дайындалдық. Бұл жоба былтырғы қаңтар айында басталған. Содан кейін ұсыныстар болып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен шеберлер атсалысып, жобаға үлкен дайындықпен келдік.
Сәуле Нұрғалиева, зейнеткер:
- 26 құрақшы келдік. 26 осындай көрпе мен әдемі мындай көпшіктерді тігіп әкелді. Біз қазақтың құндылығы, төл өнері құрақты тек қазақ еліне емес, жан-жақтан, дүниежүзінен келетін халыққа таныстырып, көрсетіп, өнерімізді дәріптейік деп отырмыз.