Жамбы атудан 78 спортшы бақ сынасып жатыр
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы сайысы – жамбы атушылар жарыс алаңына шықты, деп хабарлайды 24KZ.
27 елден келген 78 спортшы сайыстың осы түрінен таңғы сағат 10-нан бері бақ сынасып жатыр. Ойын шарты бойынша әр қоманда 4 қатысушыдан тұрады. Садақшылар 100 метрлік қашықтыққа атпен шауып келе жатып, садағын тартып, нысанаға дөп тигізуі тиіс. Спортшы неғұрлым көп оқ атып, нысанаға дәл тисе, соғұрлым көп ұпай жинайды.
Ойын барысын халықаралық және отандық төрешілер бақылап отыр. Жеңімпаздардың тізімі бүгін кешкісін белгілі болады. Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт және Абзал Тулыбеков өнер көрсетіп жатыр. Спортшыларымыз бұған дейін әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлделі орындарды иеленген.