V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты.
Президент Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.
«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан мен Қырғызстан Президенттері мен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы, Саха Республикасының басшысы және Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысты.
Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары төбе көрсетті. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті.
Биылғы Көшпенділер ойындарына Азия мен Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары көк байрағымызды алып шықты.
Кешегі Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл тарихи сәт Париждегі олимпиада ойындарының ашылу салтанатынан артық болмаса, кем түспеді деп жарыса жазып жатыр.
Иә, атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 30 мың көрермен болып, керемет шоуды тамашаладық. Әсіресе көшпенді тарихымыз бен мәдениетімізді бейнелейтін қойылымдар өте ұнады.
Кешегі эмоция, мотивациямен көшпенділер ойыны бүгінде қызып жатыр. V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Төрт құрлықтағы төрт мыңнан астам спортшының басын қосқан дүбірлі дода «Астана Арена» стадионында ашылды. Алдымен, қазақ халқының туы мен әнұранына құрмет көрсетілді. Кейін қатысушы мемлекеттердің шеруі өтті. Көшті сайыстың негізін қалаушы әрі басты фаворит Қырғызстан Республикасы бастады.
Ал шеруді этникалық роктың сүймелдеуімен, ұзын сонар қатарға тізілген Қазақстан спортшылары аяқтады. Жарысқа қатысушылар спорттың 20 түрінен бақ сынасады. Бес нысанда 110 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Салтанатты шараға келген мәртебелі меймандар сайыстың салмағын арттыра түсті. Президент алдымен құрметті қонақтарға алғысын айтып, сөзін түркі жұртының бірлігінен бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі.
Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін де қалыптастырған көшпенділер. Оған қоса қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар да осы халықтан шықты. Президент өз сөзінде тарихты қаузап, біздің аймақта ілім ғылым да тұрақты дамығанын еске салды.
Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды.
Бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау маңызды міндет. Президент бұл мақсатқа көшпенділер ойындары арқылы қол жеткізуге болатынын айтты. Бұл істе айырқалпақты ағайындардың атқарған еңбегі ерен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек.
Ашылу салтанатының ауқымы таңғаларлық. Ұйымдастырушылар ұлттық спортты ұлықтады, өзге құндылықтарды да ұмытпады. Сахнада жаһанның, жердің жаралуы көрсетіле отырып, көшпелі халықтардың өркениетке қосқан үлесі суреттелді. Қыран құс, құмай тазы һәм еңселі батырлар қайта жаңғырған «Астана Арена» стадионындағы сахнаның көркін кіргізді. Сонау Ғұн империясының тарихынан бастап Алтын Орда одан әрі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі уақыт баяндалды. Осылайша, кең ауқымды салтанатты жиын ән-би ғана қамтылған думанды кеш емес, астары мол ұлы дүниеге ұласты.
Жер ананы қадірлеу һәм қастерлеуді негізге алған ұйымдастырушылар сахнаға алып аэростатты алып шықты. Бұл әлемдегі ең үлкен қашықтан басқарылатын планетамыздың прототипі.
Олег Горбунов, ұйымдастырушы:
- Стадиондағы ауа ағындары әдепкіде кедергі келтірді. Бірақ жергілікті азаматтардың көмегімен шар дайындықтан сүрінбей өтті. Көптеген құрылғы бір мезетте іске қосылып, шарды ауаға көтереді. Көлемі 113 куб метрге жетеді. Әлемдегі ең үлкен аэростат. Яғни ұшып жүретін ең үлкен жер деуге болады.
Ұйымдастырушылар халқымыздың терең тарихын да назардан тыс қалдырмады. Алаңның қақ ортасында шаңырақ көтеріп, ата-бабамыздың тұрмысы мен дәстүрі дәріптелді. Қазақтың батыр қызын сомдаған әртістің бірі - Айсель Амангелдиева. Құсбегі қызды ойнаған ол «рөлге кіру қиындық тудырмады», - дейді. Өйткені көшпенділік қазақтың қанында бар.
Айсель Амангелдиева, әртіс:
- Мен өзім атқа отырғандықтан аттың басын ұстайсың. Атты бұрған кезде, шапқан кезде өз күшіңмен атты ұстау керексің. Әр қазақтың қызында қайнап тұрған қазақтың қаны болу керек деп ойлаймын. Күш деген сияқты.
Ашылу салтанатындағы тағы бір ерекшелік – тайқазанды суға толтыру. Олимпиада символы от болса, көшпенділер басты белгі ретінде суды таңдады. Су түркі жұрты үшін негізгі тіршілік көзі. Малды да, жанды да ағынмен сақтаған халық өткенін ұмытпайды, керісінше қайта жаңғыруды қолға алды.
Мұратбек Қыпшақбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу және дайындау дирекциясы басшысының орынбасары:
- Олимпиада ойындарының символы алау болса, бұл жерде су. Бізде бірлік керуені деген жоба болған. Сол жоба аясында батырларды іріктеп алғанбыз. Сол батырлар барлық өңірден торсыққа құйып, су әкелді. Сол суды бірлігімізді көрсетіп, Тайқазанға құяды.
Көшпенділер ойындарына 100 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Олардың алғашқы легі ашылу рәсімінен көрінді. Басым бөлігі Димаш Құдайбергенді асыға күтті. Арасында көмейіне бұлбұл ұялаған әншінің шетелдік тыңдармандары да бар.
Паулина Пэтре, Румыния тұрғыны:
- Негізі біз Димаштың концертіне арнайылап келдік. Бұл біз қатысқалы отырған он үшінші кеш. Димаш қай елде болса, сонда барамыз. Тіпті бүкіл әлемді аралауға дайынбыз.
Ұлттық спорт бәсекесі 14 қыркүйекке дейін жалғасады. Спортшылар арасындағы бәсекелестік, талас-тартыс қызу. Әсіресе қазақ-қырғыз арасындағы бәсеке көптің назарында.
Ауазбек Абдиманатов, бүркітші:
- Он күннен бері дайындалдық. Бізді өте жақсы күтіп алды, Қазақ еліне көп рақмет. Қырғызстанның атынан. Күтіп, жайғастырды. Бәрі жақсы. Рахмет айтамыз.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын отандық 7 арна тікелей эфирде көрсетті. Бұған қоса Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24», Түркия, Ресей, Татарстан, Өзбекстан мен Түрікменстанның мемлекеттік арналары хабар таратты. Мұндай ауқым бұрын-соңды болмаған. Демек, қазақ жерінде өткен сайысқа қызығушылық жоғары.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы