Көкпар: Қазақстан мен Қырғызстан қарсыластарын басып озды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрігі қызып жатыр. Мәселен, көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары өз қарсыластарын 16:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды 24KZ.
Осылайша, ойсырай ұтылған Өзбекстан мен Моңғолия командалары жарыстан шығып қалды. Тағы ресейліктер Қытай шабандоздарынан басым түсті. Ал Венгрия мен Түркия арасындағы матч 0:1 есебімен аяқталды. Осылайша, жартылай финалға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Түркия құрамалары жолдама алды.
Көкпардан алғашқы ойында біздің жігіттер Өзбекстан құрамасын 16:0 есебімен жеңді. Бұған дейін қос құрама 9 рет кездескен. Оның екеуінде ала шапанды ағайын жеңіске жетсе, қалған жетеуінде біздің шабандоздар топ жарған.
Алғашқы минуттардан-ақ қазақстандық көкпаршылар алға шығып, ширақ ойын көрсетті. Бірінші кезеңді 8:0 есебімен аяқтады. Екінші кезеңде тағы 8 салым жасап, ірі есеп тіркеді.
Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан ұлттық құрама капитаны:
- Бірінші ойын. Аттарымызды тактикалық жүйеге үйреттік. Оңай болған жоқ. Аттарымыздың бәрі жұмыс істеп тұр. Алла қаласа, финалда көресіздер деген ойдамыз. Еліміздің көк туын көкке желбіретуге дайынбыз. Басты қарсылас – айыр қалпақты ағайын – Қырғызстан Республикасы. Алла қаласа, өз алаңымызда, өз жерімізде бар күшімізді саламыз.
Расымен де, басты қарсыласымыз есеп жағынан Қазақстан құрамасынан еш қалыспады. Олар да бабында, оларда да 16 салым. Өз жылқыларымен келгені тағы бар. «Сондықтан қызықтың көкесі алда», – дейді жанкүйерлер.
Сауалнама:
- Қырғызстаннан келдік. Көкпар мен көкбөріні көріп кетейін деп келдім. Бәрі жақсы. Көңіліме жақты.
- Көшпенділер ойынына Пәкістаннан келдім. Осымен екінші рет қатысуым. Екі жыл бұрын Түркияда өткен ойындарды көргенмін. Менің ойымша, бұл спорттық шара бірінші кезекте Орталық Азияны ғана емес, түгел Азия елдерін біріктіруге бағытталған. Бейбітшілікті, салауатты өмір салтын, мәдени құндылықтарды насихаттайды. Әлемге ортақ тарихымызды көрсетуге арналған керемет алаң. Пәкістанда аударыспақ, күрес және асық ату ойындары жақсы дамыған деп айта аламын.
- Мен Дубай қаласынан келдім. Ұйымдастырушылық деңгейі өте жоғары деп сеніммен айта аламын. Көңіліме жағып жатыр. Келушілердің ұлттық киімінің өзі көздің жауын алады. Қарай бергім келеді. Әр мейман өзіне ұнаған спорт түрін тамашалай алады.
«Қазанат» ипподромы мен этноауыл аумағында күллі түркі жұртының ұлттық салт-дәстүрін көріп, таңданысын жасыра алмаған шетелдік мейман көп. Құрметті қонақтардың қатарында Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид мырза да бар.
Естеріңізде болса, биыл шілде айында Euronews пен Мәдениет және ақпарат министрлігі ынтымақтастық жөніндегі алғашқы меморандумға және артынша келісімшартқа қол қойды. Осыған байланысты алдағы уақытта елімізде Euronews өкілдігі ашылады.
Педро Варгас Давид, Euronews директорлар кеңесінің төрағасы:
- Көкпардан Қазақстан құрамасының өзбекстандық команданы ірі есеппен жеңген ойынын көріп, алаң қожайындарының қарқынына таңғалдым. Ат үстінде отырып, серкеге таласу оңай шаруа емес. Мұндағы спорттың әр түрі ерекше. Кеше Астана Арена стадионында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты керемет өтті. Бейбітшілікті ту етті. Адамзат баласына ортақ құндылықтар дәріптелді. Осының барлығына ұйытқы бола білген Мәдениет және ақпарат министрлігіне айтар алғысым шексіз.
Қазақстандық спортшыларға артылған үміт зор. Қай спорт түрі болса да, жергілікті жанкүйер алаң қожайындарынан тек жеңіс күтеді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы.