Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: жалпы есепте бірінші тұрмыз
Жалпы есепте бірінші тұрмыз
Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалғасып жатыр. Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық қыз-жігіттер 25 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте топ басына шықты. Жоғарыдағы 25 жүлденің 14-і алтын, 3-еуі күміс және 8-і қола. Бізден кейін тізімде Қырғызстан құрамасы тұр. Көрші елдің спортшылары 14 медаль жеңіп алды және оның 3-еуі ғана алтын. Ал жалпы есептегі алдыңғы үштікке тағы бір көршіміз Ресей командасы кірді. Олардың еншісінде де 3 алтын бар. Одан кейін, сәйкесінше, Өзбекстан, Франция, Әзербайжан, Моңғолия, Венгрия, Грузия және Үндістан елдері жайғасты. Яғни медальдық есепке әзірге осы елдің өкілдері ғана кірді. Бүгін кезекті жарыс күні өтеді. Оның аясында Көкпар, Көкбөрі, Тоғызқұмалақ және асық атудан іріктей бәсекелері жалғасады. Ал Қазақ күресі, Садақ ату, Кураш, Аударыспақ, Жамбы ату және Мас-рестлинг бағыттары бойынша кезекті медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Ұлттар лигасы: Қазақстан Словениядан жеңілді
Қазақстан Словениядан жеңілді. Футболдан УЕФА Ұлттар лигасының кезекті мачтары өтті және оның аясында Станислав Черчесов баптайтын қазақстандық жігіттер сырт алаңда Словениядан ұтылды. Матч Любляна қаласында өткен болатын және ол 3:0 есебімен аяқталды. Барлық голды Беньямин Шешко соқты. Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Қазақстан бірінші ойында Норвегия құрамасымен тең түскен еді. Енді Словенияға есе жіберді. Кезекті кездесу тура бір айдан кейін, яғни 10-шы қазан күні болады. Жерлестеріміз бұл жолы тағы да сырт алаңда Австрия командасымен жолығады. Еске сала кетейік, кезекті турдан кейін Қазақстан топтық тізімнің ең соңғы сатысына сырғыды. Словения бірінші, Норвегия екінші және Австрия үшінші орында.
Азия чемпионатынан 8 алтын жеңіп алдық
8 алтын жеңіп алдық. Біріккен Араб Әмірліктерінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Нәтижесінде 2010-2011 жылы дүниеге келген ұлдар арасындағы бәсекеде ұлттық құрама өкілдері 9 салмақта финалға шықты. Оның 8-і чемпион атанды. Жақсылық Молдаханов баптайын өрендер арасында Абылай Досымбеков, Бекхан Оразбаев, Жұмағали Нұрмұхан, Әмір Мұхит, Нұрислам Оңалбек, Әбдімансұр Жақсылық, Төрехан Қанатбай және Мансұр Амантай қарсылас шақ келтірмеді. Ал Алимран Алиев күміс жүлде иеленді. Бұған қоса, қоржынымызда 3 қола медаль бар.
Бірлескен жобаны жүзеге асыру ұсынылды
6 елдегі жүгіру марафондарын бірыңғай альянсқа бірігуге шақырамыз. Онда осы жобалардың өкілдері тең өкілдік етеді. Бұл жөнінде Туризм және Спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Ол елордадағы Түркі мемлекеттері ұйымының Жастар және спорт мәселелеріне жауапты министрлері отырысына қатысып, бірлесіп жұмыс жүргізуді ұсынды. «Біз 6 елдегі 7 марафонды, атап айтқанда, Алматы, Түркістан, Баку, Самарқанд, Ыстамбұл, Будапешттегі марафондарды, сондай-ақ Қырғызстандағы Snow Leopard Run жобасын бірыңғай альянсқа бірігуге шақырамыз.», - деді министр. Аталған бастама жүгіру шеберлерінің қызығушылығын арттырып, туристер ағынын ұлғайтуға және марафондар арасындағы үздік тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, әлемдік стандарттарға сәйкес жарыстарды ұйымдастыру, сапасын арттыруға және басқа да бірқатар маңызды артықшылықтарға ие болатыны атап өтілді. Жиын барысында спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған басқа да бастамалар кеңінен талқыланды.