Көкпаршылар жартылай финалға шықты
Бүгін көкпардан ел құрамасы жартылай финалда Ресей құрамасымен кездеседі.
Іріктеу сайысында біздің жігіттер АҚШ командасынан басым түсті. Есеп: 12:4.
Көшпенділер ойындарындағы көкпаршылардың аяқ алысы қалай? Ат пен адамның шеберлігі сынға түскен жарыста қай елдің бәсі биік?
Көкпарды көгілдір жәшіктің ар жағында тыныш отырып көру мүмкін емес. Қанға сіңгеннен болар. Ертеден-ақ көшпенділер ұрпағы мінезін, жаугершілік қыры мен шабандоздығын осы ойын арқылы сынап келген. Сол өрлік әлі де сейілген жоқ. Бұған Дүниежүзілік көшпенділер ойыны дәлел. Кіл мықтыларға тілеулес болу үшін еліміздің әр түкпірінен келген көрермен көп.
Сқақ Қуанышбеков, көкпар жанкүйері:
- Қаншама көп мемлекет келген. Мен ойлағанмын бірінші өзіміздің қасымыздағы екен деп. Бүкіл мемлекет бойынша ойыншылар келіп жатыр. Соған мен ризамын. Мынау олимпиададан кем емес. Намыс көтеріліп тұр.
Көкпар Орталық Азияда кең тараған ойындардың бірі. Еліміздегі Ұлттық Федерация құрылғаннан бері көкпар жаңа деңгейге көтерілді. Ойыншыларымыз халықаралық турнирлерге қатысады. Қазақстан чемпионатында бақ сынайды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да ептілігін паш етеді. Биыл да финалға жетіп, ел намысын қорғауға ниетті.
Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан Ұлттық құрама капитаны:
- Алаң, барлығы керемет. Көрерменнің ықыласы, айқайы бізге рух беріп жатыр деп айтсақ болады. Жақсы аттарымыздың бәрі жұмыс істеп тұр. Балаларымыз ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Алла қаласа, финалда көресіздер деген ойдамыз. Еліміздің көк туын көкке желбіретуге дайынбыз.
Астанадағы «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпар бәсекесіне 9 елдің құрамасы қатысуда. Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркиядан келген көкпаршылар саны 100-ден асады. Елдегі финал 12 қыркүйекте өтеді.
Авторы: Мерей Мұратханқызы