Көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы матч ертең болады
Олимпиада чемпиондары қолдау танытты
Әлем және олимпиада чемпиондары ұлттық спорттағы қыз-жігіттерді қолдауға келді. Елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалғасып жатыр. Оның аясында Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Ақжүрек Таңатаров, Мерей Ақшалов және Александр Винокуров сияқты айтулы атлеттер әртүрлі жарыс алаңдарынан табылып, ел намысын қорғап жатқан спортшыларға жанкүйер болуда. Тіпті бірқатарымен арнайы кездесіп, пікір алмасып та үлгерді. «Мұндай бастама отандық спорттағы ауызбіршілікті нығайта түседі және әлемдік аламанға қатысып жатқан қыз-жігіттерге жақсы мотивация береді», - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов. Күні кеше арнайы топ Жақсылық Үшмпіров атындағы жекпе-жек сарайында болып, қазақ күресі бойынша белдесулерді тамашалады. Айта кетейік, аталмыш бағыт 16 салмақ бойынша өтеді. Оған 41 елден 300-ге жуық спортшы қатысты. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы 14 алтын жеңіп алды. Қалған 2 салмақтағы бас жүлдені Өзбекстан және Италия елдерінің өкілдері иеленді.
Қазақ-қырғыз матчына дайындық
Көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы матч ертең, яғни 12-ші қыркүйекте өтеді. Финалдық кездесу Астана іргесіндегі «Қазанат» ипподромында болады. Қазір көпшілік көкейінде осы ойынға қатысты сауал көп. Нақтырақ айта кетейін, көкпардан да, көкбөріден де ақтық кездесулер бір күнде болады. Яғни ертең түске дейін жергілікті уақытпен 11:30-да қазақтың ұлттық спорты көкпардан бас жүлде сарапқа салынады. Ал қырғыздың ұлттық спорты көкбөрі бойынша финал 16:30-ға жоспарланған. Қос ойын арасында аса айырмашылық жоқ. Тек көкпарда салым жердегі шеңберге салынса, көкбөріде арнайы қазандық қолданылады. Бұған қоса, көкпарда жасанды серке, яғни оның муляж үлгісі қолданылады. Қос елдің командасы қазір қызу дайындық үстінде. Олар іріктеу кезеңдерінде қарсыластарын ірі есеппен, яғни айқын басымдықпен ұтып жатыр. Айта кетейік, бұған дейінгі, яғни Түркияда өткен көшпенділер ойындарынан бастап көкпардан да, көкбөріден де параллель жарыстар өтеді. Бөлек медалдар жиынтығы сарапқа салындады.
Жалпы есепте бірінші тұрмыз
Қазақстандық қыз-жігіттер 48 медаль жеңіп алды. Оның 21-і - алтын. Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалғасып жатыр. Екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Ұлттық құраманың өкілдері жалпы есептегі орнын сақтап қалды. Яғни қазір топ басында тұрмыз. Қоржынымызда 48 медаль бар. Оның 21-і жоғарыда айтқандай алтын, 10-ы күміс және 17-сі қола. Бізден кейін тізімде Қырғызстан құрамасы келеді. Көрші елдің өкілдері 23 рет жеңіс тұғырына көтілді. 7 спортшысы чемпион атанды. Үздік үштікті Өзбекстан спортшылары түйіндеді. Олар да 7 алтын жеңіп алды. Алдыңғы ондыққа әзірге Ресей, Мажарстан, Польша, Үндістан, Франция, Индонезия және Италия командалары кірді. Бүгін, яғни бірер сағаттан кейін үшінші жарыс күні басталады. Сәйкесінше, кезекті медальдер жиынтығы сарапқа салынады. Елордадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 13-ші қыркүйекке дейін жалғасады.