Қырғыздар тұлпарларын жарысқа дайындау тәсілін құпия күйінде сақтайды

Қырғыз көкпаршылары Көшпенділер ойынына 50 мың доллардың аттарын әкелген, деп хабарлайды 24KZ.

Сондықтан ертеңгі финалда жеңіске жететіндеріне сенімді. Біздің көкпаршылар да жеңіс тұғырынан көрінеміз деп білек сыбанып отыр. «Қазақтың тұлпарлары айырқалпақты ағайындікінен еш кем түспейді», – дейді.

Ертең бағзыдан бесекелес қазақ-қырғыз көкпаршылары финалда жолығады. Сондықтан қазір «Қазанат» иопподромында мүлгіген тыныштық. Ойыншылар бірін-бірі сырттай бақылап, іштей біліп жүр.

Бұл қорада көкпар мен көкбөріден Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі аттары жайғасқан. Мұнда екінің бірі кіріп шыға алмайды. Яғни, күзеті қатаң. Себебі жарыс барысында жылқыларға қастандық ұйымдастырылуы мүмкін.

Көкпардан қазақ-қырғыз жігіттері соңғы рет 2022 жылы Түркияда өткен Көшпенділер ойындарының финалында жолыққан. Ол кезде Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен еді. Биыл да көкпаршылар сол тарихи сәтті қайталау үшін ұзақ дайындалып, жүзден жүйрік шығатын тұлпарларды жарысқа сайлаған.

Ернат Мәлімбай, көкпардан ұлттық құрама мүшесі:

- Қырғыздан да мықты, қымбат аттар бар бізде. Намыс үшін беріп жатыр біздің ағалар. Ақшаға сатылып жатқан соң жеке балалар үшін осыған дейін 100-ден аса ат келіп кетті. Балалар өзіне ұнаған атын мініп жатыр. 24 бала өздері таңдап, 6 оқу-жаттығу жиынын өткіздік, соның ішінде аттармен 3 рет жаттығу жиыны өтті.

Бұл – енді қырғыз ағайындар әкелген аттар. Мұнда да күзеттің күшейтілетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде мені екі жақтан екі адам қадағалап отыр. Міне, көкпар мен көкбөрі – осындай тартысқа толы жұмбақ ойын.

Тіпті айыр қалпақты ағайындар аттардың жем-суына дейін өздері әкелген. Әрі тұлпарды жарысқа дайындау тәсілдерін құпия күйінде сақтайды. Жылқылардың нарықтағы құны 10 мың доллордан басталып, 50 мыңға дейін жетеді.

Жолдошбек Орозбаев, көкпардан Қырғыз Республикасы ұлттық құрамасының капитаны:

- Бас-аяғы 2 командаға 26 ат әкелдік. Барлығы 70-80-дей ат әкелдік Қырғыз Республикасынан. Қалғандарын Америкаға, Өзбекстанға, Монғолияға әкелдік. Көкбөріден шығатындарға. Дайындық жақсы. Көшпенділер ойындары болғаннан кейін жақсы өтеді. Қызықты ойын болады.

Көкпардан финалдық матч ертең сағат түскі 11:30-да, көкбөріден 16:30-да басталады. Ойындар «Қазанат» ипподромында өтеді.

Авторлары: Мерей Қанапия, Жандос Битабаров.