Көкпарды «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары елордадағы бірнеше нысанда қатар өтіп жатыр.
Сайыстарды «Қазанат» ипподромы, «Алау» спорт кешені, «Жекпе-жек» сарайы және «Думан» қонақ үйінен тамашалауға болады.
Бұған қоса, «Хабар» арнасы тікелей трансляцияда көрсетеді. Ал жарыс қалай өтіп жатыр? Нендей жаңалықтар бар?
Р. Айтмұхан: мақсат – олимп шыңын бағындыру
Ризабек жеткен жетістікке тоқмейілсімейді. Алдағы тағы бірқатар әлемдік аламан бар. Ал ең басты мақсат – олимп шыңын бағындыру. Бұл жөнінде жуырда ғана әлем чемпионы атанған еркін күрес шеберінің өзі мәлімдеді. Ол кеше елге оралды. Оны Астана әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды. Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан Испанияның Понтеведра қаласында өткен 20 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтқан болатын. Байрақты бәсекеде олимпиадалық саналатын 97 келіде өнер көрсетті. Ең соңғы рет дәл осы жас деңгейі бойынша әлем чемпионатының алтынын қазақстандық спортшылар 2000-шы жылы жеңіп алды. Араға 24 жыл салып Ризабек жеңіс жолын қайта жалғады. Бұған қоса, ол былтыр ересектер арасында да әлем чемпионы атанып, отандық спорт үшін тарихи нәтиже тіркеген болатын.
Артынша Ризабек елорда төріндегі жекпе-жек сарайында болып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып жатқан жерлестерімізге қолдау танытты. Яғни отандық әлем және олимпиада чемпиондары бастамасына өз үлесін қосты деуге болады. Айта кетейік, бірер күн бұрын Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Ақжүрек Таңатаров, Мерей Ақшалов және Александр Винокуров сияқты айтулы атлеттер әртүрлі жарыс алаңдарынан табылып, ел намысын қорғап жатқан спортшыларға жанкүйер болды. Тіпті бірқатарымен арнайы кездесіп, пікір алмасып та үлгерді. «Бұндай қадам отандық спорттағы ауызбіршілікті нығайта түседі және әлемдік аламанға қатысып жатқан қыз-жігіттерге жақсы мотивация береді» деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Көкпарды «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді
Көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы матчты «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Көпшілік тағатсыздана күтіп отырған финалдық ойын бүгін жергілікті уақытпен 11:30-да басталады. Ал кездесудің өзі Астана іргесіндегі «Қазанат» ипподромында болады. Оған сатылымда билет қалмауы да мүмкін. Өйткені, жоғарыда айттық, қызығушылық өте жоғары. Түсіндіре кетейін, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында көкпардан да, көкбөріден де медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Яғни қазақтың ұлттық спорты көкпардан бас жүлде иегері түске дейін анықталса, қырғыздың ұлттық спорты көкбөрі бойынша финал 16:30-ға жоспарланған. Қос ойын арасында аса айырмашылық жоқ. Тек көкпарда салым жердегі шеңберге салынса, көкбөріде арнайы қазандық қолданылады. Бұған қоса көкпарда жасанды серке, яғни оның муляж үлгісі қолданылады. Қос елдің командасы қазір қызу дайындық үстінде. Олар іріктеу кезеңдерінде қарсыластарын ірі есеппен, айқын басымдықпен ұтып жатыр. Айта кетейік, бұған дейінгі, яғни Түркияда өткен көшпенділер ойындарынан бастап көкпардан да, көкбөріден де параллель жарыстар өтеді.
Қоржынымызда 69 медаль бар
Қазақстандық қыз-жігіттер 69 медаль жеңіп алды. Оның 27-сі алтын. Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалғасып жатыр. Үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша ұлттық құраманың өкілдері жалпы есептегі орын сақтап қалды. Яғни қазір топ басында тұрмыз. Қоржынымызда 69 медаль бар. Оның 27-сі жоғарыда айтқандай алтын, 17-сі күміс және 25-і қола. Бізден кейін тізімде Өзбекстан құрамасы келеді. Көрші елдің өкілдері 32 рет жеңіс тұғырына көтілді. 11 спортшысы чемпион атанды. Үздік үштікті Қырғызстан спортшылары түйіндеді. Олар 10 алтын жеңіп алды. Алдыңғы ондыққа әзірге Ресей, Иран, Мажарстан, Түркіменстан, Польша, Румыния және Түркия командалары кірді. Бүгін яғни бірер сағаттан кейін үшінші жарыс күні басталады. Сәйкесінше, кезекті медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Елордадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 13-ші қыркүйекке дейін жалғасады.