Көкпарда финалды 11 мыңға жуық адам тамашалады
Бүгін көкпардан өткен финалдық ойынды тамашалау үшін 11 мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды 24KZ.
Олар матч аяқталғанға дейін бір орында тік тұрып, спортшыларға қолдау білдірді. Тіпті Қырғыз Республикасының өзінен жүздеген жанкүйер келген.
Қазір қолдарына көк ту ұстаған қазақ жанкүйерлері ипподромды шулатып, шерулетіп, трибунаға жайғасып жатыр. Ойынның басталуына әлі 30 минут бар. Соған қарамастан Қазанаттағы атмосфера осындай, ағайын!
«Қазақстан» деп ұрандатқан жанкүйерлер өз орындарына ұйымшылдықпен жайғасты. Әрі қарай дауылпаздарын шығарып, жарыстың көркін қыздыра түсті. Сол сәтте трибунаның арғы бетінде қырғыз жанкүйерлері де жиналып жатты.
Қазір қырғыз жанкүйерлері де ойынға сақадай сай. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қырғыз елінен 300-ден астам жанкүйер келген.
Олар жарыстың бірінші күнінен бастап белсенділік танытып жатыр. Алғашқы іріктеу кезеңдеріндегі Монғолия мен Түркияға қарсы ойындарда өз спортшыларына бір адамдай қолдау білдірген еді. Бұл жолы да сол үрдістен айнымай, жанкүйерлер санын 2 есеге арттырған.
Жанкүйерлерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Кейбір қырғызстандықтар үшін кімнің жеңімпаз болатынына да маңызды емес. «Ең бастысы –достық», – дейді жанкүйерлер.
Сауалнама:
- Кімге құдай тағала бұйыртады. Сол ұтады.
- Жақсы ойын болады бүгін. Енді қалай болғанда да қырғыз бен қазақтың ұлттық спорты.
- Айқын басымдықпен 10:5 болуы мүмкін. Қазақтар жеңеді. Менің ойымша, 1 немесе 2 есеппен ұтады. Тартысты ойын болады. Қазақстан, алға!
- Есеп теңбе-тең болу мүмкін. Есеп 12:8 болады. Қырғыз Республикасы ұтады.
Көп ұзамай бағзыдан бәсекелес қазақ-қырғыз ысқырық шалынған бойда финалдық матчты бастап кетті. Жанкүйерлер күткендей өте тартысты ойын болды. Арасында көкпаршылар жанжал шығарып, төбелесіп те алды. Тіпті жарысты тамашалаған кейбір шетелдік журналистер ойынды Эль-Классикоға теңеп жатты.
Гал Ле, журналист:
- Көкпар ойынын бірінші рет көріп тұрмын. Осыншалықты әсер аламын деп ойламадым. 2 команданың тартысы сұмдық екен. Тіпті кімнің жеңерін де дөп басып айта алмаймын. Көшпенділер ойындарына келгеніме дән ризамын. Қазақстан өмірімдегі ең қуанышты сәттерді сыйлады.
Негізгі уақыт 4:4 есебімен тең аяқталды. Қосымша минутта жарыс тағдырын команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек шешіп кетті. Сол сәтті күткен қазақ жанкүйерлері қуаныштан бөркін аспанға атып, жеңісті тойлап кетті.
Айта кетейік, екі құрама да негізгі ойыншыларын осы көкпарға әкелді. Сондықтан бұл тарихи жеңістің маңыздылығы жоғары.
Авторлары: Мерей Қанапия, Ержан Қанапияұлы.