Қазақстан футзал құрамасы Испаниямен тең түсті

Бек Нұрмағанбет америкалық боксшыны нокаутқа жіберді.

Қазақстандық былғары қолғап шебері Лас-Вегаста өткен «Канело-Берланга» америкалық бокс кешінің андеркартын ашты.

Иә, жерлесіміз 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста жүрген америкалық Джошуа Конлиге қарсы жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде Бек Нұрмағанбет алты раундқа жоспарланған кездесуді небәрі екінші раундта аяқтады. Бұл қазақстандық спортшының кәсіпқой бокстағы 12-ші жеңісі.

Қазақстан футзал құрамасы Испаниямен тең түсті

Қазақстан Испаниямен тең түсті. Футзалдан Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық кезеңінде қос команда арасында кездесу өтті. Ойын барысында қазақстандық Біржан Оразов небәрі бесінші секундта қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Артынша испаниялық құрама таразы басын теңестіруге ұмтылды. Матчтың 17-минутында Хесус Гордильо командасын жеңілістен құтқарып қалды. Осылайша кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесіп, барлығында испаниялық футзалшылар жеңіске жеткен болатын. Енді Қазақстан құрамасы 18 қыркүйекте Ливиямен ойнайды. Ал Испания Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасады.

Айқабақ аламан бәйгенің жеңімпазы атанды

Айқабақ аламан бәйгенің жеңімпазы атанды. Төрткүл дүние көз тіккен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Бәйгеден қазақ атбегілері тиесілі 7 алтынның алтауын алды. Тек жорға жарысында айырқалпақты ағайынға жол берді. Көрермен тағатсыздана күткен аламан бәйгені алматылық Сапарғали Сатпевтың Айқабағы ұтты, екінші Жұмыртұяқ болса, қырғыз жүйрігі Қарақыз үздік үштікті қорытындылады. Айта кетейік, 25 шақырымдық бәйгеге 27 тұлпар қатысқан болатын.

Татами шеберлері Хорватияда топ жарды

Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен гран-при турнирінде Шерзод Давлатов пен Жанарыс Рахметқали чемпион атанды. 60 келі салмақ дәрежесінде сынған түскен Шерзод турнир барысында Израиль, Венгрия, Франция және Украина спортшыларынан басым түсті. Ал финалда әзербайжандық Ахмад Юсуфовты мерзімінен бұрын жеңді. Бұл 22 жастағы спортшының гран-при турнирындағы алғашқы жүлдесі. Ал 66 келіде бақ сынаған Рахметқали алғашқы белдесулерінде Хорватия мен Сальвадор балуандарын, жартылай финалда Грузия спортшысын жеңді. Ал финалда британиялық Майкл Фрайердің осал тұсын тапты. Сондай-ақ әйелдер арасында Ғалия Тыңбаева олжалы болды. 48 келіде белдескен жерлесіміз финалда Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері жапон Кого Ваканаға есе жіберді. Айта кетейік, бұл Ғалияның гран-при турнирлеріндегі 2 күміс жүлдесі. Ол өткен жылы Португалиядағы турнирдің финалында Әбиба Әбужақыновамен күресіп, 2 орын алған болатын.

Қазақстандық теннисшілер Дэвис кубогынан шығып қалды

Қазақстан Дэвис кубогынан шығып қалды. Астанада өтіп жатқан байрақты бәсекеде ел құрамасы Данияға жол берді.

Жарыстың бірінші күнінде Александр Бублик Эльмер Мёллерге, Александр Шевченко Август Хольмгренге есе жіберді. Жұптық сында өнер көрсеткен Александр Недовесов пен Бейбіт Жұқаев та Дания спортшыларынан аса алмады.

Тек жекелей сында Бейбіт Жұқаев Филипп Херткеден 3:6 есебімен жеңіліп, одан кейін 6:4, 10:8 есебімен басым түсті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Данияға 1:3 есебімен  жол беріп, жарыстан шығып қалды. Ал қарсыластар келер жылы өтетін командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жолдама алды.