Паралимпиада жүлдегерлері мен бапкерлер марапатталды
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент атынан спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыстады.
Атап айтар болсақ, пара пауэрлифтингтен екі дүркін чемпион болған Давид Дегтярёв I дәрежелі «Барыс» орденімен, ал дзюдодан алтын алған Ақмарал Науатбек III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Күміс медаль еншілеген мерген Еркін Ғаббасов, жүзуші Нұрдәулет Жұмағали және дзюдошы Шамей Ерғали «Парасат» орденінің иегерлері атанды. Ал қола алған спортшылар Дастан Мұқашбеков, Зарина Райфова, Даяна Федосова және Жұрқамырза Шүкірбековке «Құрмет» ордені берілді.
Сонымен қатар спортшыларды дайындаған бапкерлердің бесеуі "Парасат" орденімен, жетеуі "Құрмет" орденімен, екеуі Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды. Еске сала кетейік, Парижде өткен паралимпиадаға Қазақстаннан 44 спортшы қатысты. Олар 2 алтын, 3 күміс, 4 қола еншілеп, медаль саны бойынша рекорд орнатты.
Ақмарал Науатбек, Паралимпиада ойындарының чемпионы:
- Алты ай бойы басқа жарыстарға қатысқан жоқпын. Тек көздегенім осы паралимпиада болды. Еңбек ақталды. Өте қуаныштымыз. Қазақ еліне парадзюдодан тұңғыш алтын алып келдім. Отаныма оралдым. Қуанышымда шек жоқ.