Ақтоғайлық ару аламан бәйгеге ат баптайды
Павлодар облысының Ақтоғай ауданында тұратын Арайлым Мұса бәйгеге ат баптайды, деп хабарлайды 24KZ.
Ел арасында атбегі қыз атанған 16 жастағы бойжеткеннің тұлпарлары барған жерден бос қайтқан емес. Бірінші, екінші орынға ие болады. Соңғы 3 жылда асылтұқымды 11 тұлпарды аламанға қосқан қайсар қыз шабандоз дайындаумен де айналысады.
Ат жалын тартып мінген ауыл балалары Арайлымды жағалайды. Тұлпар мініп, топқа түскенді қызық көретіндердің бірі – Айбар Ақтанов. Сабақтан тыс уақытын ол ипподромда өткізеді. Шабандоз жуырда аудан көлемінде ұйымдастырылған «Алтын тай» бәйгесінде бірінші орынға ие болды. Тізгіндеген тұлпары да осал емес.
Айбар Ақтанов, шабандоз:
- Мынау – Ханшайым деген ат. Осы былтыр Кавказдан келген. Осы Сафлорлэнд деген айғырдың қарындасы. Ол осы жылы 2 машинадай ұтқан. Сосын Астана жақта Жұмыртұяқ, Талхиз, Қарақыздармен бірге түскен.
Атбегілер үшін ат баптаудан гөрі шабандоз дайындаған қиын екен. Арайлым осы екеуін де қатар алып келеді. Асылтұқымды сәйгүліктерге ерекше күтім керек. Сондықтан уақытының көбін жылқыларына арнайды.
Арайлым Мұса, атбегі:
- Биыл енді 9 шақырым, 10 шақырым шабады. Келесі жылы көбірек шабады. 21-25. Бәйге аттарым бар, 10 шақты бар. Қазір – маусымның аяғы, олар демалып, далада жүр, аттарға сұлы береміз. Сұлымен дайындаймыз.
Мінезі тұйық Арайлымның бойына атқұмарлық әкесінен дарыпты. Сейітбаттал Әлдекенов қызының атбегілікке келгенін басында қаламапты.
Сейітбаттал Әлдекенов, атбегі:
- Қызым енді кішкентай кезінен атқа құмар болды. Көпке дейін атқа жақындатпадым. Содан осыдан 3 жыл бұрын баули бастадым. Білгенімді айтып, үйретіп, содан қазір енді менің шаруашылықтан атқа қарауға уақытым жетпейді. Өзі дайындайды.
Арайлымның бәйге аттары барған жерден жүлдесіз қайтпайды. Жалпы Жалаулы ауылында көкпар тартып, ат жарататындар өте көп. Тұрғындар өз күштерімен ипподром да салып алған. Ал Сейітбаттал Әлдекенов асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.