«Қайсар» Азия чемпионы атанды

Астанада Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир басталады.

Сайыс екі санатта өтеді. Яғни, ересектер мен жасөспірімдер, жеке конькимен сырғанау және мұз биі.

Астанадаға айтулы бәсекеге 31 елден 120-ға жуық спортшы қатысуға ниет білдіріпті. Олардың арасында жерлесіміз Диас Жиренбаев, италиялық Даниэль Грассль және канада өкілі Алекса Ракич сынды әлем үздіктері бар. 5-ші халықаралық жарыс 3-5 қазан күндері «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.

Қазақстан Аргентинаға есе жіберді

Футзалдан әлем чемпионатының ширек финалында қос команда арасында ойын өтті. Кездесудің алғашқы минутынан бастап екі құрама да үздіксіз шабуылдаумен болды. Алайда қарсыластар ол мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алған жоқ. Ал екінші кезеңде аргентиналық футзалшылар 6 гол соқты. Жерлестеріміз оған тек Дәурен Тұрсағұловтың голымен жауап қайырды. Осылайша, Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:6 есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Екі құрама қазірге дейін екі мәрте кездесті. Алғаш рет 2016 жылы әлем чемпионатында ел құрамасы оларға 0:1 есебімен есе жіберсе, биыл қыркүйек айында жолдастық кездесуде 3:2 есебімен қапы қалдырды. Енді Аргентина құрамасы 3 қазанда жартылай финалда Франциямен ойнайды.

Пауло Рикардо Кака, Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері:

- Аргентина сауатты ойнады. Біз бұл кездесуде өз деңгейімізден алыс болдық. Футзалда сен бір күн жақсы ойын өрнегін көрсетесің. Ал келесі күні ойының мүлде жүрмей қалады. Иә, бүгін матчта болған әр жанкүйерге алғысымызды айтамыз. Біз бұндай қолдауға лайық емеспіз. Бұл жерде ойыншылардың ешқандай кінәсі жоқ, бас бапкер ретінде бұл қателікке мен жауаптымын. Алайда мұнымен өмір біткен жоқ. Біз әрі қарай да жұмыс істейміз.

 

Черчесов Аустрия және Словениямен ойнайтын құрамды жариялады

Қазақстан ұлттық құрамасының Аустрия және Словенияға қарсы ойнайтын құрамы жарияланды. Бас бапкер Станислав Черчесовтің шешімімен нақты тізімге 28 футболшы енгізілді. Олардың қатарында Ақтөбе ойыншысы Игорь Шацкий бастаған 4 қақпашы, 11 қорғаушы, 9 жартылай қорғаушы және ұлттық құрамаға алғаш шақырту алған Жан-Әли Пайруз бастаған 4 шабуылшы бар. Енді олар 5 қазаннан бастап Аустрияның Кремс қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Ал ойын 10 қазанда Линц қаласының «Райффайзен Арена» стадионында Аустрияға қарсы өтеді. Одан кейін жерлестеріміз 13 қазан күні Словенияны қабылдайды. Кездесу Алматының Орталық стадионында сағат өтеді.

 

«Мықтылар турнирінің» үздіктері анықталды

Әйелдер боксынан Қарағандыда аяқталған «Мықтылар турнирінің» үздіктері белгілі болды. Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитет мәлімдеді. Жарыстың «Ең үздік боксшысы» атағын әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Алуа Балқыбекова иеленді. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына жас боксшы Ангелина Витова лайық болды. Ал «Үздік бапкер» сыйлығы Долкунжан Камековке берілсе, «Үздік төреші» атағын Данара Ахметова жеңіп алды. «Мықтылар турнирінің» қорытындысы бойынша жаңа маусымдағы Қазақстан құрамы жасақталады.

 

«Қайсар» Азия чемпионы атанды

Қол добынан Алматы қаласында өткен әйелдер арасындағы біріншілікте 5 команда кім мықтыны анықтады. Аталған клубтар айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен ойнап шығып, жартылай финал жолдамасына таласты. 1/2 финалда «Қайсар» «Узбечка» клубын 40:16 есебімен, ал «Достық» «Голден Иглз Бхаратты» 31:26 есебімен жеңді. Финалда «Қайсар» қарсыласынан 45:23 есебімен басым түсті. Осылайша, «Қайсар» командасы 3 рет құрлық жеңімпазы атанды. Сонымен қатар олар 2 рет күміс жүлдеге ие болған. Ал «Достық» гандбол клубы өзі қатысқан алғашқы Азия чемпионатында ІІ орыннан көрінді.

 

Жас дзюдошылар әлем чемпионатына аттанды

Отандық дзюдошылар қазан айын әлем чемпионатымен бастайды. 2-6 қазан күндері Тәжікстан астанасы Душанбеде дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Байрақты бәсекеде 67 мемлекеттен келген 574 спортшы кіл мықтыны анықайды. Айтулы біріншілікке Қазақстан құрамасы 18 спортшысын аттандарды. Қазақстан жасөспірімдер командасының бас бапкері Ермек Имамбеков: «Әлем чемпионатына екі салмақта ешкімді әкелгеніміз жоқ. Есесіне ерлер арасында 60, 66 және 81 келі салмақта жарысқа екі спортшыдан қатыстырамыз. Ал қыздар арасында 48, 52 және 70 келіде қос балуаннан күреседі. Турнирге қатысатын спортшыларды наурыз айында өткен Қазақстан біріншілігі мен халықаралық турнирлер қорытындысы бойынша іріктедік», – деді.

 

«Барыс» тағы жеңілді

Барыс тағы жеңілді. Елорда командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын өз алаңында Ресейдің «Торпедо» командасына қарсы өткізді. Биылғы маусымдағы сүреңсіз ойынымен 10 кездесудің 8-інде қарсыласына есе жіберген «Барыс» осы жолы да сол сәтсіздік сериясын қайталады. Кездесу барысында ресейліктер 10 гол соқты. Оған елордалықтар 1 голмен ғана жауап қайырды. Бұл – «Барыстың» осы маусымдағы ең ірі жеңілісі. Енді қазақстандық команда алдағы 3 ойынын сырт алаңда өткізеді. Алдымен 3 қазанда мәскеулік «Спартак» командасымен ойнаса, одан кейін 5 қазанда Омбылық «Авангардпен», 7 қазанда «Автомобилист» командасымен шеберлік байқасады.