Елде «Жаппай көкпар» федерациясы құрылды
Ұлттық спорт қатары тағы бір федерациямен толықты.
Көшпенділер ойындарының қарсаңында "Жаппай көкпар" федерациясы ресми түрде аккредитация алып, жеке ұйым ретінде тіркелді. Осыған дейін командалық тартыстан ел ішілік біріншіліктер, байрақты бәсекелер өтіп келсе, енді жаппай көкпардан да ауқымды жарыстар өтеді.
Көкпар күш пен жігердің, азамат пен қазанаттың етене бітісіп, асау мінезді тізгіндейтін алаңы. Елде тақымға серке басқан жігіттердің сайысы екіге бөлініп қарастырылған. Бірі жаппай, ал екіншісі командалық. Иә, командалық көкпардың жайы белгілі. Екі құрама тартысып, қарсылас шеңберіне серкені лақтыру керек. Ал жаппай көкпардың айырмашылығы, мұндағы бәсеке 2 команда арасында өтпейді. Ойыншылар бұл сайыста тек өз есебі үшін салым салады. Шабандоз саны шектеусіз. Тіпті 500 мың адамға дейін тартыса алады.
Асқарбек Перналиев, Түркістан облыстық «Жаппай көкпар» федерациясының президенті:
- Жаппай көкпар қазіргі таңда спорт болып танылып, аккредитациядан өтіп, жеке ұйым ретінде тіркелді. Қазір енді жаппай көкпарды өзіміздің облыста қатты қолға алып жатырмыз. Осы жаппай көкпардан шыққан азаматтар командалық көкпарда шабады. Кешегі көшпенділер ойындарында көкпаршылардың жарты составы Түркістан облысынан болды.
Жаппай көкпар командалық көкпардың әліппесі. Ат үстінде жүрген жігіттер осылай дейді. Иә серке тартып, шеңберге салу қазақтың ежелден келе жатқан ойыны. Тек спорт түрі ретінде енді ғана тәй-тәй басып келеді. Осыған дейін көкпаршылар командалық ойында, ас, той көкпарларда шапса, биылдан бастап азамат пен қазанат ел біріншілігінде сыналады.
Ғани Дирманов, республикалық «Жаппай көкпар» федерациясының президенті:
- Жақын арада осы жылдың ақырында республикалық жаппай көкпардан турнир ұйымдастырмақшымыз. Әр облыстан 20 шабандоздан кеп қатысады. Ол 10 пар болып есептеледі. Қай облыс көп салымға жететін болса, сол облыс жеңімпаз болады. Үш таймнан тұрады. Бір сағат шабамыз, 15 минут демаламыз.
Жаппай көкпар спорт ретінде танылап, солтүстік аймақтарда да қарқын алып келеді. Иә, құрыш білек, бекем белді қазақтың әр азаматына көкпар тарту түк емес. Тек қазанаты жарау болса болды. Республикалық жаппай көкпар федерациясының президенті Ғани Дирмановтың айтуынша, елдегі тұлпарлардың деңгейі артып келеді.
Ғани Дирманов, республикалық «Жаппай көкпар» федерациясының президенті:
- Жаппай көкпардың дамығанына байланысты біраз аттардың селекциясы болды. Бізге англобуден, англотракен, таза қанды аттар рысактар дончактар бізге не бір дүниежүзіндегі жүйрік мықты аттардың ұрығы кірді. Солар біздің қазақы жылқылармен араласып жақсы жылқылар шығып жатыр, іріктеліп жатыр. Оның ішінде жүйрігі, жүректісі, мықтысы үйірге қойылып жатыр.
Енді елдің әр азаматы көкпар ұйымдастыру үшін федерацияға жүгінуі керек. Тиісті мамандар атшабар алаңын анықтап, қауіпсіздік мақсатында ережені белгілейді. Содан кейін барып өткізуіне болады. Осы додалар арқылы шабандоздар тізімделіп, ел біріншілігіне жолдама алады. Чемпионатқа әр облыс тек 20 спортшысын жібереді. Тұңғыш рет өтетін ел ішілік жаппай көкпар додасы сәтті болса, болашақта әлем чемпионатын да көруіміз мүмкін.
Авторлары: Әлішер Әли, Серік Қоңырбаев