Қазақстан спортын ауқымды реформа күтіп тұр

Салаға арналған заң тұтастай өзгеріске ұшырауы мүмкін.

Мәжіліс пен министрлік өкілдерінен құрылған жұмыс тобы 9 рет кездесті.

Жаңа құжатты егжей-тегжейлі талқылаған соң атқамінерлер саланы дамыту механиздерін қайта қарастыруды көздеп отыр.   

Негізгі бағыт – бұқаралық спортты дамытып, көше инфрақұрылымына көбірек қаржы құюға бұрылады. Қазір елде 8 млн адам спортпен шұғылданады. Бұл Қазақстан халқының 40 пайызы. Жауаптылар 2029 жылға дейін халықтың тең жартысын салауатты өмір салтына баулуды жоспарлап отыр. 

Спорт – бюджетке салмақ салып отырған саланың бірі. Кейінгі 6 жылдың ішінде 1,5 трлн теңгеге жуық қаражатты қазынадан жырып бердік. Алайда, нәтиже көңіл көншітпейді. Сондықтан салаға тұтастай өзгеріс енгізу көптен бері айтылып жүр. Бұл мәселе өткен айда Үкімет қабырғасында тағы көтерілді. Жауаптылар енді аста-төк шығын болмайтынын уәде етті. Қаржыны тиімді жұмсау арқылы инфрақұрылымға көңіл бөлінетінін жеткізді. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Саланы дамытудың үш сатылы жүйесі құрылады. Оның біріншісі бұқаралық спорт, кейінгі сатылары – жоғары жетістіктер спортына қатысты. Салаға бөлінген қаржыны нәтижелі әрі тиімді пайдалану үшін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі. Спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорттық медицина, фармакология, диетология, психология саласының мамандарын дайындау жүйесі қайта қарастырылады. Әкімдіктермен бірлесе отырып аймақтардағы спорттық инфрақұрылым кеңейтілетін болады.

Иә, спорттың түрі көп. Осы уақытқа дейін ешқайсысын бөліп-жармай, қазына қаржысын бәріне бірдей үлестіріліп келді. Бірақ, былтыр әлемдік додаларда 31 спорт түрінен бірде-бір медаль түспепті. Сол үшін жауаптылар ұзын-сонар тізімді қысқартуды жоспарлап отыр. 

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі:

- 180 спорт федерациялары мемлекеттен ақша алады. Ал шетелдермен салыстырсақ, мемлекет тарапынан небәрі 15-20 спорт түрі қаржыландырылады. Бізде соған келуіміз керек. Ол қандай спорт түрлері? Әрине, ең алдымен, үлкен кешенді жарыстар, Олимпиадан жүлде алып келетін спорт түрлері. Ал қалғаны аздап шеттетіледі. Бұл тұста ұлттық спорт түрлерінде ешнәрсе өзгертілмейді.

Ал бұдан үнемделген қаржы бұқаралық спортқа жұмсалады. Қазір халықтың қызығушылығы жоғары. Жыл сайын елде 25 мыңнан аса спорттық шара өтеді. Әсіресе жүгіру марафондары, велошеру мен бәйге жиі өтеді. Бірақ инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз. Соған орай жаңа алаңдар салынып, спорт кешендерін көбейту қолға алынған. 

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі:

- 2028 жылға дейін бізде тағы бір бағлама бар. 100 тез тұрғызылатын спорт кешенін салу. Оның 25-нің іргесі қаландыү 2028 жылға дейін жүзін саламыз. Қазіргі таңды 40 мыңға жуық спорт кешені жұмыс істейді Қазақстанда.

Бұған қоса 113 жаңа нысансалынып, 20 кешенді жөнделеді. Тағы 6 орталық жарақтандырылады. Ірі қаладан бастап, ауыл-аймаққа ойын алаңдарын салу ісі де жеделдетіледі.

Бекзат Аманов, Диас Қобыланбаев