Ұлттық құрама спортшылары бокстан әлем чемпионатына аттанды

Боксшыларымыз әлемдік аламанға аттанды. Ал теннисшілер халықаралық турнирде топ жарды.

Жастар әлем чемпионатына аттанды

Төрехан Сабырхан бастаған жастар әлем чемпионатына аттанды. Бірер күннен кейін Черногорияның Будва қаласында бокстан дүниежүзілік дода өтеді. Оған қазақстандық спортшылар да қатысады. Біздің жігіттер бас-аяғы 13 салмақта өнер көрсетеді. Мақсат Бақтыбазаров баптайтын ұлттық құрама әлем чемпионаты алдындағы жаттығу жиынын Алматы облысында өткізді. Жуырда ғана қолданысқа берілген олимпиадалық даярлау орталығында бірер апта жауынгерлік дайындықты пысқытады. Жітітердің бабы жақсы. «Енді бабымен қатар бағы да бірге шапса, жақсы нәтижемен ораламыз», – дейді аға бапкер. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үштікке кіруді жоспарлап отыр. Басты қарысыластар Куба, Ресей және Өзбекстан боксшылары болмақ.

Ұлттық құрама сапында 13 боксшы бар. Команда капитаны – Төрехан Сабырхан. Ол 67 келіде өнер көрсетеді. Бұған қоса 57 келідегі Жансері Көшербаевтен, 60 келідегі Алексей Хаванцевтан, 71 келідегі Өнер Сейілханнан және 75 келідегі Санжарәлі Бегалиевтен мамандар зор үміт күтеді. Дүниежүзілік додаданың өзі 23 қазанда басталып, 3 қарашаға дейін жалғасады.

 

Ұлттық құраманың жаттығу жиыны

Камачо іске кірісті. Дәл қазір бокстан ересектер құрамасының да жаттығу жиыны өтіп жатыр. Бір ерекшелігі, бұл жолы командаға Геннадий Головкиннің физикалық даярлығына көмектескен Кристофер Камачо қосылды. Америкалық маман Головкиннен бөлек, Хабиб Нурмагомедов, Кейн Веласкес, Даниэль Кормье, Люк Рокхолд, Брэндон Адамс секілді мықтыларды да баптаған. Енді қазақстандық жігіттердің шеберлігін шыңдаумен айналысады. Еліміздің ең үздік боксшылары Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығында бас қосты. Енді олар бірер апта бойы жалпы физикалық дайындықты пысықтайды. Одан кейін Астанаға жиналып, жауынгерлік әзірлік өткізбек. Бұл жаттығудың барлығы алдағы Азия чемпионатында бағытталған. Яғни, қазанның соңғы және қарашаның басында Иордания астанасы Амман қаласында ересектер арасындағы құрлықтық дода өтеді. Бұл Париж Олимпиадасынан кейінгі ең ірі байрақты бәсеке болмақ және біздің жігіттер Олимпиадада кеткен есені қалай да осы жерде қайтаруға тырысады.  

 

Халықаралық турнир мәресіне жетті

Хачанов Алматыдағы турнирде топ жарды. Бұнда теннистен АТР 250 санатындағы байрақты бәсеке өткен болатын. Бас жүлдені ресейлік Карен Хачанов пен канадалық Габриэль Диалло сарапқа салды. Финалдық матч аса тартысты өтті. Нәтижесінде 6:2, 5:7, 6:3 есебімен Карен жеңіске жетті.

Айта кету керек, 28 жастағы ресейлік теннисші халықаралық турнирлерде осымен 7-ші мәрете жеңіске жетіп тұр. Бұған дейін ол жекелей сындар бойынша әлемдік рейтингте 26-шы орында тұрса, Алматыдағы жеңісінен кейін 2 саты жоғарылап, 24-шы орынға жайғасады. Бұған қоса жұптық сын бойынша да жеңімпаздар анықталды. Бас жүлдеге үндістандық Арджун Кадхе және Ритвик Чудари жұбы мен тунистік-колумбиялық дуэт Скандер Мансури және Николас Баррьентос таласқан болатын. Ақтық сында Үндістаннан келген спортшылар жеңіске жетті.

Айта кетейік, Алматыдағы байрақты бәсекенің жүлде қоры 1 млн АҚШ доллардан асады. Бұған қоса жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар рейтингілік ұпай жинап, әлемдік тізімдегі жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады.

Карен Хачанов, жарыс жеңімпазы:

- Ойын өте тарысты болды. Қарсыласым екінші кезеңінен кейін босаңсығанын байқадым. Сол мүмкіндікті сәтті пайдаланып, соққымның қарқынын күшейттім. Қалай болғанда да өте қуаншытымын. Алматыдағы турнир керемет эмоция сыйлады.

 

Көптен күткен жеңіс

Ал Зарина Диас Түркиядағы теннис турнирінде жеңіске жетті. Қазақстандық спортшы ұзақ үзілістен кейін жуырда ғана кордқа оралған болатын. 2 жылдай үлкен спорттан қол үзіп қалған Зарина Түркиядағы халықаралық турнирде  өте сәтті өнер көрсетті. Іріктеу кезеңдерінде румыниялық, германиялық, түркиялық және ресейлік спортшыларды ұтты. Ал финалда Беларусь өкілі Алена Фалеймен кездесті. Матч жерлесіміз үшін сәтсіз басталды. Спорттық тілмен айтқтанда, «баранка» алып, бірінші кезеңде 0:6 есебімен ұтылды. Дегенмен артынша «камбэк» жасап, қалған екі сетте жеңісті жұлып алды. Ойынның өзі 2 сағат 6 минутқа созылды.