Жезқазғанда футбол алаңы жаңартылды

Жезқазғандағы «Металлург» стадионын жаңарту жұмыстары толық аяқталып, Республика күні қарсаңында ел игілігіне берілді.

Жөндеу жұмыстарын Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасы аясында серік-тестерінің қолдауымен жүзеге асырған. 6 мың жанкүйер сыятын футбол алаңы енді халықаралық стандарттарға сай.

Кейінгі 14 жылда жөндеу көрмеген «Металлург» стадионына биыл италиялық көгал төселіп, су шашу жүйесі толық жаңарды. Реновацияға 200 миллион теңге жұмсалған. 

Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:

- Футбол ойынын қолдау мақсатында осы жылдың басында арнайы балалар мен жасөспірімдерді дайындайтын мекеме ашылып, соңғы жеті айда өңірде жас футболшылардың саны екі есеге артып, 700 адамға дейін жетті. «Ұлытау» кәсіби футбол клубы биыл бірінші лиганың да алдыңғы көшінде келе жатыр.

Спорттық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған «ALAÑ» жобасы 2023 жылы басталған еді. Содан бері 10 алаңды жаңартты. 

Әділет Барменқұлов, Қазақстан футбол федерациясының президенті:

- Бұларға жағдай жасау біздің міндетіміз. Бұқаралық футболдың пайдасы өте көп. Біздің балалар үлкен жетістіктерге жете берсін.

Жаңадан төселген көгалға алғаш болып, жергілікті спорт мектебінің жасөспірімдері шықты. Алдағы уақытта кәсіби футболшылар да осы жерде жаттығады. 

Ғалым Нұржанов, Ұлытау облысы футбол федерациясының президенті:

- Бізге үлкен футбол келді. Яғни бізде кәсіби «Ұлытау» футбол командасы құрылды. Сол команда осы стадионда ойнау үшін біз стадионды қалпына келтірдік. біздің арамыздан шыққан балалар біздің Қазақстанның құрамасында ойнайды деген үміттеміз.

Кейінгі екі жылда Ұлытау облысында балаларға арналған 6 спорт нысаны ашылды. Тағы бірнешеуінің құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішінде дене шынықтыру сауықтыру кешендері мен бассейндер де бар.

Талғатбек Әбдіқожа, Елизавета Шалина, Нурбол Уздикбаев