Грек-рим күресінен Е.Жарлықасын әлем біріншілігінің финалына шықты
Ержет Жарлықасын финалға шықты, деп хабарлайды 24kz.
Грек-рим күресінен Албания астанасы Тирана қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінеде жерлесіміз қарсылас шақ келтірмеді. 63 келіге дейінгі салмақта белдескен Ержет алдымен поляк балуанын қапы қалдырды. Артынша франциялық спортшыны мерзімінен бұрын ұтты. Ал жартылай финалда ресейлік Садық Лалаевты 8:0 есебімен тізе бүктірді. Енді Ержет бүгі түнде әзербайжандық Нихат Маммадалимен алтын жүлдені сарапқа салады.
Қорғаныс министрі «Қазақстан барысын» құттықтады
Қорғаныс министрі «Қазақстан барысын» құттықтады. Руслан Жақсылықов турнирдегі жетістігі үшін Ерасыл Қажыбаевқа офицерлік лауазым шенін берді. Осымен екінші жыл ұлттық күрестен өтетін республикалық сайыста Қарулы күштердің өкілі жеңіске жетіп отыр. «Бұл шын мәнінде жауынгер спортшының рухы мен темірдей ерік-жігерінің арқасы», - деді генерал полковник. Абайлық балуан финалда шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровтан айласын асырып, топ жарған болатын. Сондай-ақ ол 2018, 2019 жылдары өткен «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері.
Атыраулық өрт сөндіруші әлем чемпионы атанды
Атыраулық өрт сөндіруші пауэрлифтингіден әлем чемпионы атанды. Біріншілік 25-27 қазан аралығында Қырғызстан астанасы Бішкекте өтті. Бәсекеге 10-нан астам мемлекеттен келген 800-ден астам спортшы қатысты. 100 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Ерсейіт Бралин топ жарды. Ол Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №7 өрт сөндіру бөлімшесінде жұмыс істейді. Ерсейіт бірнеше спорт түрінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған.
Жүлдегерлер марапатталды
Алматы облысының Іле аудандағы Ақши ауылында жасөспірімдер арасында шағын футбол турнирі өтті. Бұл жарысқа 9 команда қатысты. Нәтижесінде Ақсайдағы №16 мектептің командасы жеңімпаз атанды. Финалда олар «Күрті Ақши» командасынан басым түсті. «Ақши ауылының дзюдошылары» үшінші орынға ие болды. Шалғай ауылда ұйымдастырылған шағын футбол турнирінде «Үздік жанкүйер», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» аталымы бойынша да жүлделер табыс етілді.
Астанада футболдан аналар турнирі өтті
Астанада алғаш рет футболдан аналар турнирі өтті. Елордадағы 8 спорт мектебінің қолдауымен өткен жарысқа 6 команда қатысты. Қарағанды, Павлодардан келген командалармен қатар Мәскеуден келген аналар командасы да бақ сынады. Нәтижесінде астаналық арулардан құралған «Бөкентау» командасы жарыс жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер мен үздік ойыншылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
«Халықаралық жарыс болған соң қолдау көрсеттік. Жарыс 8 спорт мектебінің үрлемелі жабық футбол алаңында, жоғарғы деңгейде өтті. Біздің спорт мектебімізде 100-ге жуық қыз балалар футболмен айналысады. U-17 ұлттық құрамасында 3 қызымыз, U-19 6 қызымыз ойнайды. Сондықтан бұндай жарыстарға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз», - дейді Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Еркебұлан Жомарт