Ж. Бақбергенова әлем біріншілігінің финалына шықты

Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер Қазақстанға келді. Елордада мәртебелі мейманды Туризм және спорт министрі мен Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі қарсы алды.

Иә, Мариус Визер бүгін елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайын, көпсалалы «Барыс Арена» спорт кешенін аралап, Астанада салынып жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылысымен танысады деп жоспарланған.

Ержет Жарлықасын – әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Ержет Жарлықасын әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Грек-рим күресінен Албания астанасы Тиранада өтіп жаткан біріншіліктің финалында 63 келіге дейінгі салмақта белдескен жерлесіміз әзербайжандық Нихат Маммадлиге 6:1 есебімен есе жіберді. Бірінші кезеңде төреші Ержетке бір ұпай беріп, қарсыласын төрттағанға қойды. Алайда қазақстандық балуан ол мүмкіндікті пайдалана алмады. Ал екінші кезеңде ол өзі әдіс жасаймын деп, Нихаттың ұпай алуына жол беріп қойды. Осылайша, Ержет тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Жерлесіміз іріктеу кезеңдерінде алдымен поляк балуанын қапы қалдырды. Артынша франциялық спортшыны мерзімінен бұрын ұтты. Ал жартылай финалда ресейлік Садық Лалаевты 8:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

 

Ж. Бақбергенова әлем біріншілігінің финалына шықты

Жәмила Бақбергенова әлем біріншілігінің финалына шықты. 72 келі салмақта белдесетін жерлесіміз іріктеу кезеңінде молдовалықтан басым түсті. Артынша ширек финалда чехиялық бұрымдыны 6:3 есебімен қапы қалдырды. Ал жартылай финалда моңғолиялық спортшыны тізе бүктірді. Осылайша, ол өз спорттық жолында үшінші рет әлем чемпионатының финалына шығып отыр. Жәмилә Бақбергенова 2021 жылы Ослода, 2022 жылы Белградтағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Ал былтыр Сербия астанасында үздік үштікті түйіндеген. Енді бозкілем шебері ақтық сында жапониялық Ами Ишимен күреседі.

 

«Барыс» «Куньлунь Ред Старға» есе жіберді

Қатарынан екі жеңістен кейін «Барыс» жеңіліп қалды. Елорда командасы құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын өз алаңында Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізді. Турнир кестесінде қатарласып келе жатқан қос команда тартысты ойнады. Екінші кезеңнің соңына дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Тек ойынның 38-ші минутында қарсыластар есеп ашты. Үшінші кезеңде қазақстандық команда таразы басын теңестіруге күш салды. Дегенмен өз қақпасына тағы бір гол жіберіп алды. Есеп: 0:2. Енді елордалықтар өз алаңында 3 кездесу өткізеді. 3 қарашада Ресейдің Нефтехимик командасын қабылдаса, 5 қарашада «Ақ Барс» 7 қарашада «Автомобилист» клубтарымен шеберлік байқасады.

 

Рубен Аморим «Манчестер Юнайтедке» келді

Португалиялық Рубен Аморим Англияның «Манчестер Юнайтед» командасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. 39 жастағы маман кәсіби футболшы ретінде Португалияның «Белененсеш», «Бенфика», «Брага» және Қатардың «Аль-Вакда» клубтарында доп тепкен. Ал бапкерлік қызметті 2018 жылдан бастады. Содан бері Португалияның «Каза Пия», «Брага» және «Спортинг» клубтарының тізгінін ұстады. «Спортинг» клубымен 2020/21, 2023/24 жылдардағы маусымда чемпион атанса, «Брага» тізгінін ұстаған 2019/20 жылдардағы маусымда Португалия лигасының кубогында жеңімпаз болды. «Манчестер Юнайтед» клубымен келісімшарт 2 жылға жасалды және тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі бар. 2022-2024 жылдарда «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері қызметін атқарған Эрик Тен Хаг команда нәтижесінің төмен болуына байланысты қызметінен кеткен болатын.

 

IJF президенті Қазақстанға келді

Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер Қазақстанға келді. Оны Астана әуежайынан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бастаған спорт саласының мамандары ерекше ықыласпен күтіп алды. Тараптар бүгін кездесу өткізіп, бірқатар мәселені талқылайды. Әсіресе 2027 жылы Қазақстанда өтетін дзюдодан әлем чемпионатына қатысты өзекті сауалдар талқыға түседі.

Мариус Визер, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті:

- Қазақстанда бірінші рет емеспін. Осыған дейін де бірнеше мәрте келдім. Негізгі мақсатым – Қазақстан дзюдо федерациясының өкілдерімен және министрмен кездесу. Жалпы қазақстандық дзюдошылардың халықаралық аренадағы бәсі жоғары екенін айтқым келеді. Соның септігі тиіп, 2027 жылғы әлем чемпионатын сіздердің елдеріңізде өткізу туралы шешім қабылдадық. Оны жоғары деңгейде өткізетіндеріңізге күмән келтірмеймін.

 

Азия ойындарының басталуына 100 күн қалды

Азия ойындарының басталуына 100 күн қалды. IX қысқы ойындар 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдағы Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. Дүбірлі дода тарихта ең көп ел қатысқан қысқы Азиаданың бірі болмақ. Олай дейтініміз, қазіргі уақытта 34 елден 1500-ге жуық спортшы өтініш берген. Олардың арасында қысқы Азия ойындарына алғаш рет қатысқалы отырғанын Камбоджа мен Сауд Арабиясы сынды елдер бар. Харбин қаласы қысқы Азия ойындарын екінші мәрте өткізгелі отыр. Бұған дейін ІІІ қысқы Азия ойындары 1996 жылы осы қалада өтіп, 17 елден келген 458 спортшы сынға түсті. Қазақстан құрамасы сол жылы 14 алтын, 9 күміс, 8 қола (барлығы 31) жүлдемен жалпы есепте жарыс қожайынынан кейінгі ІІ орыннан көрінген болатын.