Астанада самбодан әлем чемпионаты өтеді

8-10 қараша аралығында Астанада самбодан әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды 24kz.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 80-нен астам елдің құрамасы бақ сынайды. Байрақты бәсекеге жауынгерлік самбодан алғаш рет әйелдер қатысқалы отыр. Сонымен қатар зағип жандар да өзара жүлделерді сарапқа салады. Қазақстан намысын 28 спортшы қорғайды. Ұлттық құрама елордада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Манарбек Бисекенов, ҚР Самбо федерациясының бірінші вице-президенті:

- Әлем чемпионаты 28 салмақ дәрежесінде өтеді. Спортшылар бірінші күні 10 салмақтан, келесі күні 8 салмақтан, арғы күні тағы 8 салмақтан. Содан кейін зағип жандардың ішінде 3 салмақ дәрежесінде күресетін болады. Осы додаға 311 мың доллар ақша тігіледі.

Біржан Имаханов, самбодан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Спортшыларымыздың дайындықтары жаман емес. Бірнеше оқу-жаттығу жиыны өтті. Тәжірибелі спортшылар. Атап айтсақ, бізде тіс қаққан азулы спортшыларымыз бар. Әлем чемпионы ерлер арасында Серіков Нұрбол, әйелдер арасында 2 әлем чемпионы ел намысын қорғайды, Әбенова Арайлым мен Гүлдана Әлмүхамбетова. Сондай-ақ жас буын спортшыларымыз бар.