Боксшыларымыз әлем чемпионатынан қанша сыйақы алды?

Боксшыларымыз әлем чемпионатынан қанша сыйақы алды?

Бокстан Қазақстанның жастар құрамасы әлем чемпионатында тарихи нәтиже тіркеді, деп хабарлайды 24kz.

Олар 6 бірдей алтын жүлде жеңіп алып, жалпы есепте топ басына шықты.

Қазақ боксындағы тарихи жетістік. Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды және оның нәтижесінде қазақстандық қыз-жігіттер 6 бірдей алтын жеңіп алды. Бұл отандық бокс тарихындағы өзіндік рекорд. Бұған дейін ең жоғары көрсеткішіміз 2 алтын болатын. Ұлттық құрама өкілдері 2018 жылы Венгрияда және 2021 жылы Германияда өткен дүниежүзілік додалардан 2 алтынмен оралды. Ал, бұл жолғы Черногориядағы әлем чемпионатында әнұранымыз 6 мәрте шырқалды. Яғни, тарихи нәтиже тіркеліп отыр. Атап айтқанда, алғашқы финал күні 67 келідегі ұлттық құрама капиатаны Төрехан Сабырхан, 75 келідегі Санжарәлі Бегалиев және 81 келідегі Аружан Зейноллаевалар жеңіске жеткен еді. Ал, екінші финал күні осы жетістікті  51 келідегі Боранбек Бексұлтан, 71 келідегі Өнер Сейілхан және қыздар арасында 50 келідегі Елянур Тұрғанова қайталады.

 

Боксшыларымыз қанша сыйақы алды?

38 млн теңге. Будвадағы әлем чемпионатында жүлдеге іліккен спортшыларымыз елімізге осынша олжамен оралады. Ұйымдастырушы тарап, яғни, халықаралық Бокс федерациясы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақы тағайындаған болатын. Нақтырақ айтқанда, бірінші орынға 8 мың, екінші орынға 4 мың, ал үшінші орынға 2 мың доллардан табыстады. Тіпті ширек финалға шыққан боксшылардың өзіне 1 мың доллардан берді. Жалпы жүде қоры 500 мың долларды құрады. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 6 алтын, 1 күміс және 10 қола жеңіп алғаны белгілі. Олардың сыйақысы жалпы алғанда 78 мың долларды құрады. Ал, оны ұлттық валютамызға шаққанда 38 млн теңгеден асады.

 

Жалпы есепте бірінші орындамыз 

Жалпы есепте бірінші орындамыз. Будвадағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы ең үздік нәтижені тіркеді. Байрақты бәсекеге 73 елден 600-ден аса қатысушы жиналған болатын. Олар 25 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Яғни, ұлдар арасында 13, қыздар арасында 12 салмақта медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының өкілдері 17 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Яғни, қоржынымызда 17 медаль бар. Оның 6-ауы алтын жүлде. Бұған қоса, спортшыларымыз 1 күміс пен 10 қола жеңіп алды. Соның арқасында сенімді түрде топ басына шықты. Жалпы тізімінің екінші сатысына Өзбекстан құрамасы жайғасса, үздік үштікті Ресейден келген боксшылар түйіндеп тұр. Олардың еншісінде 5 алтын жүлдеден бар. Бұған қоса, Қытай, Ирландия, Түркия, Мексика және Солтүстік Корея өкілдері де әртүрлі салмақ дәрежелеірінде чемпион атанып, жалпы командалық есептің алдыңғы ондығына кіруге мүмкіндік алды.

 

Төрехан Сабырхан – ең үздік боксшы

Төрехан – ең үздік боксшы. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша ең үздік боксшыға берілетін сыйлықты да қазақстандық спортшы иемденді. Яғни, оған ұлттық құрама капитаны 67 келіде өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан лайық деп танылды.

Айта кетейік, ол іріктеу кезеңдерінде Черногория, Ауғанстан, Өзбекстан және Қытай боксшыларын ұтты. Ал, финалда кубалық Дэвид Эспиносадан басым түсті. Төрехан алғаш рет әлем чемпионатына қатысып тұр. Бұған дейін 4 мәрте Азия чемпионатында бақ сынады және 4 дүркін жеңімпазы атанды. Айта кету керек, Төрехан спорттық мансабындағы бірде-бір жарыста жеңіліп көрмеген. Ол қазір 18 жаста. Яғни, енді ересектер қатарына ауысып, жеңіс жолын жалғастыруға тырысады. Тіпті оны алдағы ересеткер арасындағы Қазақстан чемпионатынан да көріп қалуымыз әбден мүмкін.