Ақтөбе облысының бапкері параспортшыларды пауэрлифтингке баулып жүр

Мүгедектігі бар жандарды спортқа баулып, жүзден жүйрік ету. Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы Сергей Ведюшкин пауэрлифтингті әлеуметтік топ санатындағы адамдар арасында насихаттап жүр. Бапкердің айтуынша, әмбебап үшсайыс зілтемір көтеріп шынығумен қатар психологиялық тәлім сағатымен пара-пар.

Жасұлан Саин сабақтан кейінгі бос уақытын спортқа арнайды. Жас зілтемірші аптасына үш мезгіл, жарыс қарсаңында тіпті 5-6 күнге дейін кәсіби бапкермен бірге жаттығады. Талантты спортшының пауэрлифтингпен шұғылданғанына бір жылға тола қоймаған. Соған қарамастан бірнеше байрақты бәсекеде топ жарып үлгерді.

Жасұлан Саин, оқушы:

- Бастапқыда 45 келі салмақты көтердім. Содан соң осы залда жаттығып, көп ұзамай 65 келіні бағындырдым. Республика біріншілігінде 96 келі штанганы көтеріп, жеке рекордымды жаңарттым. Аз ғана уақыт ішінде қол жеткізген жетістігім осы.

Жас спортшының зілтемір көтеруге икемді екендігін Сергей Ведюшкин байқаған. Пауэрлифтингтен облыстың аға бапкері параспортшыларды да баулап келеді. Бала күнінен футбол, хоккей және ауыр атлетикамен шұғылданған білікті маманнның бапкерлік кәсіпте бағы жанған. Қазақстан біріншіліктерінде ұдайы топ жаратын шәкірттері әлемдік додалардан да қанжығаcы майланып, жүлделі оралып жүр. Азияның паралимпиадалық ойындарында қола жүлде алған Гүлім Құрманбаева – ел құрамасының көшбасшысы. 45 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін спортшы 91 келіні бағындырған.

Гүлім Құрманбаева, парапауэрлифтингтен IV Пара Азия ойындарының қола жүлдегері:

- Анам спортшы болған соң қай спорт түрін болса да, алып өзімді сынағым келді. Спорт адамды өмірге жетелейді, өмірге тәрбиелейді. Шыңдайды. Мектеп жасымда спортқа қатыспағанмен де өзімнің диагнозыма байланысты, бірақ өсе келе сол өзімнің жетістігіме жеттім. Бапкер барда бақ та, бап та шабады дейді ғой. Барлығы да – сол бапкердің нұсқауымен болатын нәрсе.

Қазір Сергей Ведюшкин мүгедектігі бар 20-ға жуық жанды пауэрлифтинг спортына баулып жүр. Бұдан бөлек, ауыр атлетика үйірмесіне қатысатын балаларға да тегін дәріс береді. Дегенмен бапкердің басты мақсаты –Олимпиада ойындарын бағындыру.

Сергей Ведюшкин, пауэрлифтингтен облыстың аға жаттықтырушысы:

- Құрманбаева Гүлімнің алар асуы көп деп есептеймін. Париж Паралимпиадасына сәл ғана жетпей қалды. 1-2 келі айырмашылығы жолдама тағдырын шешті. Бұл жолы тыңғылықты дайындалып, кезекті Паралимпиадаға жолдама алуды мақсат еттік.

Білікті бапкер болу үшін жігер қажет. Ал мүгедектігі бар жандарды спортқа баулуға кәсіби біліктілікпен қатар табандылық та таптырмас қасиет. Ал қайтпас қайсар мінез спортшыны тұғыр төріне жетелейді. Бұл параатлеттерге үлгі болған бапкер Сергей Ведюшкиннің өмірлік ұстанымы.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.