Гандбол: Қазақстан әйелдер құрамасы Кореядан жеңіліп қалды 

Қазақстан әйелдер құрамасы Оңтүстік Кореяға есе жіберді.

Гандболдан Үндістан астанасы Нью-Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатының кезекті күнінде қос команда арасында тартысты кездесу өтті. Қарсыласымыз осал емес. 1988, 1992 жылдары Олимпиада чемпионы атанса, 1995 жылы әлем чемпионы тұғырына көтерілді. Ал Азия чемпионатында 16 мәрте алтыннан алқа тақты.  Қазақстан әйелдер құрамасы болса 2002, 2010 жылдары Азия чемпионы атағын жеңіп алса, 2021 жылы қола жүлдегер атанған болатын. Ойын барысында қазақстандық ганболшылар 20 да 30 есебімен есе жіберді. Айта кетейік жерлестеріміз А тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары Қытай, Сингапур және Оңтүстік Корея. Алғашқы турда ел құрамасы Қытайды 28:26 есебімен тізе бүктірді. Енді олар 6 желтоқсанда Сингапурмен ойнайды. Ал В тобында Жапония, Үндістан, Гонконг және Иран сынға түсіп жатыр. Әрбір топтан алғашқы екі орындағы құрамалар плей-офф сатысына жолдама алады. 

Қарағандыда күрес түрлерінен халықаралық турнир өтті

Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровты еске түсіруге арналған дәстүрлі жарысқа еліміздің барлық аймағынан және Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан балуандар келді. Биылғы білектілер бәсекесіне 500-ден аса спортшы жиналды. Жарты ғасырдан аса тарихы бар турнирге бұрын-соңды мұншалықты балуан қатысқан емес. Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінің мықтылары анықталды. Бес салмақтың үшеуінде қырғыз жігіттерінің мерейі үстем болды. 55 келіде жерлесіміз Нариман Бекимов топ жарды. 63 келіде тәжірибелі Дастан Зарлыханов жарыс жеңімпазы атанды. Енді боз кілемге еркін және әйелдер күресінің балуандары шығады. Қарағанды облысы күрес федерациясының президенті Сабыржан Амандықовтың айтуынша халықаралық турнирде жергілікті жастарға шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беріліп жатыр.  

Сабыржан Амандықов, Қарағанды облыстық күрес федерациясының президенті:

Қарағанды облысынан мықты-мықты балуандар сақадай-сай келді. Боз кілемде мықты-мықты балуандар өнер көрсетіп жатыр.

Хоккей: "Барыс" алтыншы рет қатарынан жеңілді

Барыс алтыншы рет қатарынан жеңілді. Елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын өз алаңында Ресейдің Спартак командасына қарсы өткізді. Кездесу барысында алғашқы кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде ресейлік команда қатарынан үш шайба соғып кетті. Оны Адам Ружичка, Ансель Галимов, Александр Беляев өздерінің еншісіне жазды. Ал үшінші кезеңде елордалық команда қатарынан екі шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты. Олардың қатарынан Антон Бурдасов пен Әлихан Өмірбеков мергендік танытты. Ойынның бітуіне санаулы секундтар қалғанда ресейлік клубтан Даниил Орлов қорытынды есепті белгіледі. Сөйтіп Қазақстандық команда қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді. Енді Барыс алдағы 5 кездесуін сырт айдында өткізеді.

Самат Смақов "Жетісу" клубының бас бапкері атанады

Самат Смақов «Жетісу» клубының бас бапкері болып тағайындалады. Бұл туралы KazFootball.kz сайты жазды. Белгілі болғандай 45 жастағы қазақстандық маман Талдықорғанға барып, Жетісу облысының әкімімен кездескен, сол жерде ол команданың бас бапкері ретінде бекітілген. Бұған дейін Смақов «Астана» клубының техникалық директоры қызметін атқарды. Ал былтыр ол Семейдің «Елім-ай» клубын Премьер-лигаға шығарған. Ойыншы ретінде «Елімай», «Ертіс», «Жеңіс», «Қайрат», «Ақтөбе», Ордабасы клубтары мен түркияның «Ризеспор» командасының намысын қорғаған. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапында өткізген матчтар саны бойынша рекорд иесі.