Жібек Құламбаева Дубайдағы турнирдің ширек финалына шықты
Қазақстандық жас футболшылардың қарсыластары анықталды. Швейцарияның Ньон қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 2025/26 жылғы Еуропа чемпионаты бірінші іріктеу сатысының жеребесі тартылды. Нәтижесінде жерлестеріміз сегізінші топқа түсті.
Қарсыластары: Хорватия, Нидерланд және Албания. Ойындар 2025 жылдың 1 шілдесі мен 18 қараша аралығында өтеді. Алғашқы іріктеу сатысында әрбір топтың жеңімпазы мен екінші орын алған командалар «А» лигасы жолдама алады. Ал қалған 26 құрама «В» лигасы екінші іріктеу сатысында бақ сынайды. Құрлықтық доданың финалдық турнирі Эстонияда өтеді. Сондай-ақ 19 жасқа дейінгі жастар арасында 2025/26 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы бірінші топта Ирландия, Нидерланд және Кипрмен шеберлік байқасады.
Ертең Токио Grand Slam турнирі басталады
Ертең Жапония астанасы Токиода дзюдодан 2024 жылғы спорт маусымының соңғы Grand Slam кезеңі басталады. Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, үш күндік додаға әлемнің 46 елінен 282 дзюдошы қатысады деп жоспарланған. Ал байрақты бәсекеде ел намысын 11 спортшы қорғайды. Ерлер арасында 60 келіде екі спортшы, яғни Шерзод Давлатов пен Дәурен Сюкенов күреседі. 73-те Бақытжан Абдурахманов, 81-де Жалғас Қайролла, 90 келіде ел чемпионатының күміс жүлдегері Максим Мейірлан және 100 келіге дейінгі салмақта Әділет Сапарғалиев ел намысын қорғайды.
Бұрымдыларымыздан 4 салмақта 5 спортшы күреседі. 52 келіде Толғанай Әбеуова, 57-де Дана Әбдірова, 63-те Самалай Ерғалиева және аса ауыр салмақта Назгүл Маратова мен Карина Такиева татамиге шығады.
Айта кетейік бұған дейін ел дзюошылары Загреб Гран Приі мен Абу-Даби Гранд Слэмінде өнер көрсеткен болатын. Сондай-ақ өткен айда әскерилер арасында өткен әлем біріншілігінде бірнеше дзюдошы чемпион атанды.
Волейбол: «Тұран» тағы да жеңіліп қалды
Тұран тағы да жеңіліп қалды. Өскемен қаласында волейболдан әйелдер ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында ел чемпионы «Тұран» клубы қатарынан екінші рет сүрінді. Осыған дейінгі ойында «Ақтөбеге» есе жіберген түркістандықтар кеше «Қарағанды» командасымен кездесті. Кездесудің бірінші партиясында қарағандылықтар 25:21 есебімен басым түсті. Екіншісінде дәл сондай есеппен «Тұран» есе қайырды. Бірақ одан әріге шамасы жетпеді. Жалпы есеп 3:1, «Қарағандының» пайдасында. Турнир кестесінде «Берел» мен «Жетісу» 25 ұпаймен көш бастап тұр. «Қуаныш» үздік үштікті түйіндесе, «Қарағанды» төртінші орынға табан тіреді. Ал бүгін Қуаныш» - «Грация KZ», «Тұран» - «Алматы», «Жетісу» - «Ертіс», «Ақтөбе» - «Қарағанды», «Берел» - «Ару-Астана» арасында ойындар өтеді.
Ж. Құламбаева ширек финалға шықты
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Дубайда өтіп жатқан турнирдің ширек финалына шықты. Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, жарыста спортшы үндістандық Анкита Райнамен жұптасып өнер көрсетіп жатыр. 1/8 финалда олар қарсыластарын 2:1 есебімен жеңді. Енді жартылай финалға жолдаманы ұлыбританиялық Джоди Бёррэдж/Фрея Кристи жұбымен сарапқа салады.