Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары 2025 жылы Бахрейнде өтетін болды
Алауы Ташкентте тұтануы тиіс болған Азиадаға аз ғана уақыт қалғанда Өзбекстан тарапы жарысты кейінге шегеруді ұсынған, деп хабарлайды 24kz.
Өтінішті Азия Олимпиада кеңесі қарап, қанағаттандыра алмайтынын жеткізген. Енді ойындарды өткізу құқығы басқа мемлекетке беріліп отыр.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Азия Олимпиада кеңесі мен Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитетінің таяуда жариялаған мәлімдемесі көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Көрші мемлекет жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсекені қабылдауға қызу дайындық үстінде еді. Жаңа спорт нысандарының құрылысы аяқталуға жақын болған. Оның үстіне 1,5 ай бұрын ел президенті олимпиадалық қалашыққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарын тексеріп қайтқан болатын.
Анығында, Өзбекстан жарысты өткізуден соңғы сәтке дейін бас тартқан жоқ. Тек уақытын кейінге шегеруді ұсынды. Себебі пандемия кезіндегі кедергілердің салдарынан құрылыс барысына біршама өзгеріс енген. Бас мердігер қытайлық компания шетелден тауар тасымалдау ісінде логистикалық мәселелерге тап болып, кестеден кешігіп жатыр. Азия Олимпиада кеңесі ахуалды зерделей келе, тиісті шешім қабылдаған.
Азия Олимпиада кеңесі:
- Азия Олимпиадалық кеңесі Өзбекстан астанасы Ташкентте жалауы желбіреуі тиіс болған жасөспірімдер арасындағы ІІІ Азия ойындарының өтпейтінін хабарлады. 2024 жылдың 2 желтоқсанында Атқару кеңесінің отырысында қабылданған шешімге сәйкес, енді іс-шара 2025 жылы Бахрейнде өтеді. Бұл жарыс 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасына іріктеу кезеңі саналғандықтан, оны дәл 2025 жылы ұйымдастыру маңызды.
Жалпы Өзбекстан байрақты бәсекені өткізу құқығын 2019 жылы иеленді. Дайындық бір жылдан кейін басталып кетті. Қалашықтың қазығы да сол кезде қағылды. Содан бері ел президенті мен үкімет мүшелері құрылысты жіті назарда ұстап келеді. Дегенмен, логистикалық кедергілерді айналып өту мүмкін болмады.
Валерий Бирюков, талдаушы:
- Құрылыстың осы уақытқа дейін толық аяқталмауына байланысты ресми мәлімдеме сенім тудырып отыр. Себебі 2021-2022 жылдар расымен де қиын болды. Спорт нысандарын салу ісі сол кезде қарқынды жүргізіліп жатуы тиіс еді. Алайда пандемия барлығына кедергі келтірді. Тек Өзбекстанда емес, тұтас әлемде логистика, құрылыс материалдарының тасымалы, бөлшек заттардың жеткізілуі тұралап қалды. Азия ойындарын кейінге шегеру жөніндегі ұсыныс осымен байланысты деп түсіндіріледі. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша қалашыққа жалпы сомасы 300 млн доллар қаражат жұмсалып жатыр.
Ұлттық олимпиада комитетінің дерегі бойынша мәселе мүлдем қаржыда емес. Бұл тұрғыда еш түйткіл туындамаған. «Сондықтан жаңа спорт қалашығы Азия ойындарына толық әзір болмаса да кейін нақты пайдалануға беріледі», - дейді мамандар. Десек те, ұйымдастырушы тарап түпкілікті шешімін шығарып үлгерді. Жарысты өткізу орны Бахрейнге ауысты.
Айта кетейік, Олимпиадалық қалашық жобасы Ташкент іргесіндегі 104 гектар аумақта іске асып жатыр. Онда жоспар бойынша ірі стадион, бірнеше жабық кешен және спортшыларға арналған жатақхана бой көтереді.
Авторы: Рауан Мыңбаев