Алматы облысында ұлттық ат спорты түрлерінен чемпионат аяқталды
Қазақстандық Шавкат Рахмонов ирландиялық қарсыласы Иэн Гэрриден ұпай санымен басым түсті.
UFC 310 турнирі Лас-Вегас қаласында өтті. Рахмонов-Гэрри жекпе-жегі бес раундқа дейін созылды. Қазақ жігіті соның үшеуінде басымдық танытып, 3:2 есебімен алға шықты. Шавкат аралас жекпе-жектегі 19-шы жеңісіне қол жеткізді. Енді ол UFC-дің чемпиондық белбеуіне негізгі үміткер атанды. Лас-Вегастағы сайыста Рахмонов 450 мың доллар алады.
Ұлттық ат спорты
Алматы облысында ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасындағы өңірлік чемпионат аяқталды. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған бұл жарысқа 2005-2007 жылдар аралығында дүниеге келген 200-ге жуық спортшы қатысты. Олар көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілу бойынша күш сынасты. 7 команда арасында өткен көкпар ойынында Қарасай ауданының көкпаршылары чемпион атанды. Бұл құрама финалда Райымбек ауданының көкпаршыларынан басым түсті. Аударыспақта Райымбек ауданының Қайрат Абдусабыр, Сәрсенбай Сұлтанбек, Алмас Төкенұлы, Әділет Обылжан сияқты білекті, тақымы тастай мықты жігіттері өз салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермеді. Жамбы ату бойынша Кеген ауданының түлегі Мадияр Шәріпбай, теңге ілуде Еңбекшіқазақ ауданының спортшысы Нұрәлі Ерсін өңір чемпионы атанды. Жалпыкомандалық есепте Райымбек ауданының өрендері бірінші орынға, ал Кеген ауданының жастары екінші орынға ие болды. Үшінші орын Ұйғыр ауданының түлектеріне бұйырды.
Елдос Тілеубалдиев, өңірлік ұлттық ат спортын және спортты дамыту дирекциясының директоры:
- Тәуелсіздік күніне орай Алматы облысының ұлттық ат спорты түрлерінен іріктеу чемпионаты болып жатыр жастар арасында. Бұл дегеніміз келесі жылғы, бұйырса, ҚР чемпионатында өнер көрсететін құрама команданы сол бойынша жастарды іріктеп аламыз қазір. Қазір жақсы Алматы облысының ұлттық спортқа деген көзқарасы, дамуы үздік үштікте жүр деп айта аламыз.
Қазақстандық гандболшылар қолаға таласады
Үндістан астанасы Нью-Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалында Қазақстан әйелдер құрамасы Жапонияға 23:30 есебімен есе жіберді. Топтық кезеңде ел құрамасы А тобында сынға түсті. Бұл кезеңде Қытайды 28:26, Сингапурды 38:7 есебімен тізе бүктірді. Енді ел құрамасы ертең қола жүлде үшін Иранмен шеберлік байқасады. Сол күні финалда Оңтүстік Корея мен Жапония сынға түседі. Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы 2002, 2010 жылдары Азия чемпионы атағын жеңіп алса, 2021 жылы қола жүлдегер атанды.