Астанада екінші сынып оқушысы шахматтан Азия чемпионы атанды

Астаналық екінші сынып оқушысы Мұхаммедғали Әбдіқайым шахматтан Азия чемпионы атанды.

Таиланда өткен жарыста бала Мұқаш Моңғолия, Үндістан, Шри-Ланка шахматшыларын басып озды.

Мұхаммедғали Әбдіқайым 86 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы. Үй іші де, мектептегілер де оны Мұқаш деп еркелетеді. Үйдегі төрт баланың кенжесі болғанымен, бала Мұқаштың мінезі байсалды. Торкөз тақтаға телміргендегі бет-жүзінен не ойлап жатқанын аңғару қиын. Бангкоктегі чемпионат туралы сұрай бастағанда ғана күлімсіреп, сапарының тәтті естеліктерін еске алса керек. 

Мұхаммедғали Әбдіқайым, жас шахматшы:

- Ең қиын оппонент кім болды? - Шри-Ланка.  – Шри Ланка? Неге қиын болды? - Анда ұзақ ойнадық. – Неше минут? Үш сағаттай.

Таиландтағы жарысқа апарған жаттықтырушысы Мұқаштың онымен тек бесінші күні сөйлесе бастағанын күліп айтады. Шамасы ойын баласы жауапты бәсекеге іштей дайындалып жүрсе керек. 

Әділ Ішмұхаметов, шахматтан жаттықтырушы:

- Шахматта ұсақ-түйектің бәрі маңызды. Ойын кезінде үнемі ұту мүмкін емес. Кейде жеребенің өзі сәттілікке бастауы мүмкін. Өкінішке қарай, бізде олай болмады. Ең соңғы турда Шри-Ланкадан келген мықты қарсылас түсті. Мұқаш онымен классикада тең ойнады. Рапидте оңай болмасын екеуміз сол арада түсіндік. Тіпті бір кезде көңілім түсіп кетті. Ойынды сыртынан бақылап отырдым. Содан соң тұрып, әрі бері жүрдім. Шығып кеткенін жариялады. Мен Мұқашқа қарай жүгіріп бардым. Бір-бірімізді құшақтап, ойынның аяқталғанына қуанып, басқаларды күттік. Өйткені өзгелердің де қалай ойнағаны нәтижеге әсер етеді.

Шахматтан Азия чемпионын мектебі осылай қуана қарсы алды. Сынып жетекшісі Фарида Әбішева Мұқаштың зерек оқушы екенін айтады. Есепке жүйрік, көбейту кестесін жатқа білетінін ол бірінші күннен-ақ  аңғартқан. "Ата-анасымен жақынырақ танысып, шахматқа әуестігін білген соң мектебіміз Мұқашқа барынша қолдау көрсетіп келеді", -дейді ол.

Фарида Әбішева, №86 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып жетекшісі:

- Және өзінің тренерімен сөйлесіп отырдық. Себебі қай жерінен, бізге қандай көмек керек? Ол жарыстарға кететін кезде сабақтан уақытша қалатын болады ғой. Соны қосымша тапсырма беріп отырыңыз.  Бұл бала бәріне үлгереді деп тренері де солай ақыл-кеңесін беріп отырды. Екі жақтап негізі  отбасы..мына үштік одақ барлығы жерден алып шығады. Міне мектеп бар, ата-ана, мұғалім. Сол үштік одақпенен жұмыс жасаса қай жерден болса да алынбайтын қамал жоқ.

Шолпан Досжанова, Мұхаммедғалидің анасы:

- Оның мақсаты әлем чемпионы болу. Әлем чемпионы болған кезде, әкесіне де айтады, екеуіңізді мен шетелге, Дубайға жіберем деп қояды, мақсаты. Сосын "мен сізге машина алып берем" деп қояды. "Сіз бүйтіп жаяу жүрмейсіз" деп қояды ғой. Мен енді білмеймін, ол өзінің сөзі де. Сол сөздерді айтқаннан кейін, кім айтты оған, қалай біледі? Көреді ғой біздің жаяу жүрісімізді. "Сіз бүйтіп жаяу жүрмейсіз. Мен сіздерге көлік алып берем" деп қояды.

Ия, бауыр еті баласын ата-анасы мейлінше қолдауға тырысады. Ай сайын сайыстарға апарып, жарыстардың жарнасына қаржы іздеп, қауғаланады. Талапты да талантты Мұқаштың ең алдымен ата-анасын қуантуды мақсат тұтқаны содан болар.

Бақыт Топтаева, Абдулхамит Бөлекбаев