Шымкентте жас балаларды спортқа баулудың ерекше әдістері қолданылады
Әлеуметтік желіде 6 жастағы «Шымкенттік Тайсон» жайлы бейнеролик кең тарады. Кішкентайынан спортқа деген ынта-ықыласының арқасында артық салмақпен күресіп жүрген Ирисбек Сабировты жұртта жаппай қолдап жатыр.
Ирисбектің Бекзат Жалал есімді жаттықтырушысы балаларды ерекше әдіс-тәсілмен баулиды. Аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан алып баланың алға қойған арман, мақсаттарын біліп, жас спортшылармен жүздесіп қайтты. Көрейік.
Балалар мен жасөспірімдер әрбір жаттығудың алдында әнұран шырқайды. Бапкері болашақ чемпиондарды шығару үшін қанатты сөздермен ерік-жігерін жанып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырады. Содан кейін ғана дене қыздыру мен қорғаныс тәсілдері үйретіледі.
Әлеуметтік желіде кеңінен тараған бұл видеодан кейін 6 жастағы Ирисбек «Шымкенттік Тайсон» лақап атымен танылды. Ол шамадан артық салмағына қарамастан қайсарлығын көрсетіп, жаттығу кезінде өзгелерден қалмауға тырысқан. Жаттықтырушысы да оны жігерлендіріп, әркез қолдап қуаттап отырады. Соның арқасында аз уақытта 4 келі салмақ тастаған.
Бекзат Жалал, жаттықтырушы:
- Лақап ат қоюды көп ойлап, «Шымкенттік Тайсон» болсын деп шешім қабылдадым. Себебі, өзінің мінезі мен түр-тұлғасы соған ұқсайды. Сөйтіп қалған балаларды сапқа тұрғызып, өз Тайсонымызды ортаға шақырдық. Осындай қолдауды сезінген ол өзін чемпиондарша ұстауға дағдыланды. Қазір залға елден бұрын келіп, соңында қайтады. Біздің мақсатымыз әр бала спорт шебері атанып, әлемдік аренада Қазақстанның атын шығарса дейміз.
Алып баланың анасы Индира Файзахметова да салауатты өмір салты оң өзгерістерге бастағанын айтады. Қазір Ирисбек дұрыс тамақтану режимін ұстанып, бос уақытын текке өткізгісі келмейді,-дейді. Бұған дейін телефон мен теледидардан көз алмаған ұлының қимыл-қозғалысы ширап, чемпиондарға еліктейтін болған.
Индира Файзахметова, қала тұрғыны:
- Қазірге кезде білесіз өзіңіз балалардың көбі телефонға қызығып, ойлайтыны телевизор. Спорттың арқасында балада уже өзгерістер байқалып жүр. Уақытылы тұрады, мектепке барады. Жаттықтырушысы не айтады соны тыңдайды. Шпагатқа отыруды да үйренді.
Греплинг үйірмесінде жауынгерлердің командалық көңіл-күйіне ерекше мән беріледі. Жас спортшылардың жеңіске деген құштарлығы мен патриоттық рухын ояту үшін түрлі әдістер пайдаланылады. Әнұранмен басталған жаттығудың соңында балаларға отандық өнімдер мен тәттілер үлестіріледі.