Қазақстандық жеңіл атлеттер халықаралық марафонға қатысты

Біріккен Араб Әмірліктерінде дүбірлі Дубай марафоны өтті.

Байрақты бәсекеге әлемнің әр қиырынан 17 мың жеңіл атлет жиналды.

Солардың ішінде қазақстандық әуесқойлар да бар. Еліміз атынан сынға түскендердің бір парасы Жезқазған, енді бірі Шымкенттен барған.

Дубай көшелерінде бүгін таң сәріден қарбалас. Марафонға арналған аралық арнайы қоршауға алынып, автокөлік жолдары жабылған. Ал метро қызметі әдеттегіден 1 сағат ерте жұмысын бастады. Қаланың ғана емес, әлемнің спорттық күнтізбесінде бұл жарыс аса танымал. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Жаппай жүгіру сынының жалпы жүлде қоры қомақты. Жеңіске жеткендер қыруар қаржыны қанжығалайды. Бір байқағанымыз, Біріккен Араб Әмірліктері мұндай имидждік іс-шараға қаржыны үнемдеп жатқан жоқ. Себебі сол арқылы елдің туристік әлеуеті таныстырылады. Сырттан келетіндер саны артады. Бір ғана осы марафонға мыңдаған шетелдік қатысып, бақ сынап жатыр.

Халықаралық аламанға еліміз атынан әуесқой жеңіл атлеттер мен келешекте әйгілі марафоншы болуды көздеген өрендер қатысты. Олар мұнда жүлде еншілемесе де бастапқы мақсатын орындады. Қазақ спортына тән ұранмен жүгіріп, белгіленген межені еш қиындықсыз еңсерді.

Дәулет Хидиров, марафоншы:

- Негізгі мақсатымыз орындалды. Уақытқа қарай жүгіріп өттім. Жарақат алғаным жоқ. Енді Дубайда танысқан спортшыларды Шымкент марафонына шақырып жүрмін.

Әнуар Әлсейітов, әуесқой жеңіл атлет:

- Осындай әлемдік деңгейдегі марафонға келіп жатқан жайымыз бар. Енді өзім Жезқазған қаласы мәслихатының депутатымын. Кәсіпкермін. Отбасымызбен, достарымызбен 10 шақырым жүгіріп өттік. Күн ыстықтау болды. Мамыр айында Бакуда марафон болады, соған ниеттеніп отырмыз. 

Сәкен Сайын, жас спортшы:

- Әке-шешеммен бірге осы іс-шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Бұл менің алғашқы халықаралық жарысым. Бұған дейін Астанада жүгіргенмін. Келешекте 42 шақырымды еңсергім келеді.

Бұл жолы марафонға ерекше жарыс түрлері енгізілді. Соның ішінде қасыққа жұмыртқа салып жүгіру мен шеңбер айналдыру сынды бағыттар бар. Десе де ең мәртебелісі ерлер мен әйелдер арасындағы 42 шақырымдық бәсеке. Бұл сында эфиопиялық желаяқтар алдына жан салмады. Жеңімпаздар 80 мың доллар олжалады.

Рауан Мыңбаев