Қазақ жастары әлем кубогында топ жарды

Қазақ жастары әлем кубогында топ жарды. Бахрейннің Манама қаласында семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода өтіп жатыр.

Командалық сынында жерлестеріміз барлық қарсыласын ұтып, алтын жүлдегер атанды. Ел намысын Нұржан Әбжанов, Алексей Касаткин, Ғабиден Мұстафин және Кирилл Проходов қорғады. Отандық спортқа қатысты өзге жаңалықтар алдағы топтамада.

Софья Самоделкина – қола жүлдегер

Самоделкина – қола жүлдегер. Италияның Турин қаласында студенттер арасындағы Қысқы Универсиада жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні мәнерлеп сырғанау бойынша медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұл сында ел намысын Софья Самоделкина қорғаған болатын. Ол еркін бағдарламада 66,43 ұпай жинап, жалпы есепте үздік үштікті түйіндеді. Алтын жүлде жапониялық Рион Симиошиге, күміс жүлде  тағы бір жапониялық Моне Чибаға бұйырды. Айта кету керек, Софья Самоделкина Ресейде дүниеге келген және былтыр ғана азаматтығын ауыстырып, біздің елдің атынан өнер көрсетіп жүр. Софья мәнерлеп сырғанау бойынша универсиададан отандық спорт тарихындағы екніші медальді әкеліп тұр. Бұған дейін 2019 жылы Елизабет Тұрсынбаева күміс жүлде жеңіп алған болатын. Ал ерлер арасындағы бәсекеде жолымыз болмады. Ұлттық құрама мүшесі Михаил Шайдоров төртінші орынға тұрақтап, жүлдеге сәл ғана жетпей қалды.

Жалпы есепте сегізінші орындамыз

Жалпы есепте сегізінші орындамыз. Италияның Турин қаласында студенттер арасындағы дүниежүзілік доданың аяқталуы жақын. Қазақстан құрамасы бүгінге дейін 11 медаль жеңіп алды. 11-ші медальді жоғарыда айтқан мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина жеңіп алды. Бұған қоса қоржынымызда 3 алтын бар. Атап айтқанда фристайл шебері Анастасия Городко 2 мәрте ең үздік нәтиже тіркеп, дүниежүзілік доданың 2 дүркін чемпионы атанды. Ал биатлоннан ерлер арасында 10 шақырымдық бәсекеде қазақстандық Никита Акимов топ жарды. Міне осы және өзге де жетістіктеріміздің рақасында жалпы командалық есепте 8-ші сатыға жайғастық. Бірінші сатыда 17 алтын жеңіп алған Франция құрамасы тұр. Үздік үштікке Германия мен Финляндия құрамалары кірді. Турин қаласындағы байрақты бәсеке 24 қаңтарға дейін жалғасады. 

Қысқы Азия ойындарына дайындық     

Азия ойындарына тас-түйін дайынбыз. Бұл жөнінде спортқа жауапты министр Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Бірер аптадан кейін Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары басталады. Бұл ересек спортшылар арасындағы кешенді жарыс және алдағы олимпиадаға негізгі дайындық саналады. Байрақты бәсекеге бас-аяғы 138 спортымыз қатысады. Ел намысын қорғайтын қыз-жігіттер қазір қызу дайындалып жатыр. Азия ойындарының ашылу салтанаты 7 ақпанға жоспарланған және онда көк туымызды ұстап шығатын спортшылар есімі жарияланды. Бұл құрмет хоккейден ұлттық құрама мүшесі Әділ Бекетаев пен шорт-тректен ұлттық құрама өкілі Ольга Тихоноваға бұйырды. Кешенді жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте алдыңғы бестікке кіруді көздеп отыр. Айта кетейік Харбиндегі Азия ойындарының өзі 7 ақпанда басталып, 14 ақпанға дейін жалғасады.

Лицензиялық турнирді қабылдауымыз мүмкін

Ауыр атлетикадан лицензиялық турнирді қабылдауымыз мүмкін. Яғни Лос-Анджелес олимпиадасы алдындағы негізгі іріктеу бәсекесі Қазақстанда ұйымдастырылмақ. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Джалуд әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Юсуф әл-Мананың кездесуі барысында белгілі болды. Президент елімізде спорттың осы түрі ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Бүгінде 20 мыңнан аса отандасымыз ауыр атлетикамен жүйелі түрде айналысады. Былтыр Бахрейнде өткен әлем чемпионатында ұзақ үзілістен кейін қайтадан қазақстандық спортшылар топ жара бастады. Атап айтқанда Нұрғиса Әділетұлы мен Артем Антропов чемпион атанды. Бұған қоса Қазақстанның жастар мен жаөспірімдер құрамасы Азия чемпионатының жалпы есебінде бірінші орынға шықты.

Қамшыбек Қоңқабаев спорттық мансабын аяқтады

Қамшыбек спорттық мансабын аяқтады. Бокстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, Токио Олимпиадасының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев үлкен спортпен қош айтысты. Бұл жөнінде  Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов мәлімдеді. Айта кетейік Қамшыбек соңғы рет былтыр Париж олимпиадасында шаршы алаңға шықты. Өкінішке қарай жазғы ойындарда жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Одан кейін ешқандай жарысқа қатыспады. Қазір оның орнына яғни аса ауыр салмақта Айбек Оралбай ел намысын қорғап жүр. Қамшыбек Қоңқабаев Токио олимпиадасында қола жүлдегер атанған болатын. Бұған қоса 2 рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұған қоса Азия чемпионатында да 3 мәрте күміс жүлдегер атанған.