25 мың ақмолалық қысқы спорт түрлерімен шұғылданады

Ақмола облысында 25 мыңдай адам қысқы спорт түрлерімен шұғылданады, деп хабарлайды 24KZ. Аймақтағы 17 спорт мектебінде 2 мыңнан аса кәсіби биатлоншы мен шаңғышы және конькиші бар. Облыста әсіресе шаңғы сайысы кеңінен танымал. Көкше жеріндегі қысқы спорттың дамуы қалай?

Зеренді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 200-ге жуық бала шаңғы спортымен шұғылданады. Мұнда жаңадан келген жеткіншектер мен республикалық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар да бар. Мысалы, Арман Сейсембай шаңғы спортына биыл ғана аяқ басқан.

Арман Сейсембаев, оқушы:

- Мен шаңғы тепкенді ұнатам. Қыс мезгілі қалың қар да ұнайды. Мені Нұргүл Өмірбекқызы жаттықтырып жатыр. Өскенде чемпион болғым келеді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан мұнда жаттығу тоқтамайды. Спортшылар сағаттап шаңғы тебудің техникасын меңгереді. Шаңғышы әсіресе ойлы-қырлы жерлерді жылдамдықты түсірмей еңсере білу қажет.

Сергей Рукавишников, оқушы:

- Шаңғы спорты – ең қиын спорттың бірі. Мұнда шыдамдылық пен көп күш қажет. Ал жарыс жолының ұзақтығы жас ерекшелікке қарай ұзара береді. Мысалы, мен 7,5 шақырымға жарысамын. Қатты қиын емес, үйреніп қалғам.

«Ауылға шаңғы жолы» жобасы аймақта шаңғы тебудің дамуына үлкен әсерін тигізді. Оған қоса өңірдегі 12 спорт мектебіне 800 шаңғы жиынтығы берілді. «Бұл ескі құрал-жабдықтарды жаңартып, жастардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді», – дейді Әйгерім Боранбаева.

Әйгерім Боранбаева, бапкер:

- Өткен жылы жаңа шаңғыларға қол жеткізіп, заттарымызды түгендеп алдық. Соның арқасында балалардың шаңғы тебуге деген құлшынысы артып, басқаларының спорт да қызығулығы артып отыр. Жалпы қазір оқушыларымыздың деңгейі өсіп, аудан, облыс қана емес, республикалық жарыстарға да қатысып жатыр.

Аймақта спорт мекемелерін жаңғырту қолға алынған. Мәселен, Зеренді ауылында спорт мектебінің құрылысы басталмақ. Ғимартта шаңғымен сырғанау бөлімі жұмыс істейтін болады. Ал құрылыс қаржысы мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер қорынан бөлінбек.

Авторлары: Аслан Абуталипов, Виктор Полянный.