Сенат төрағасы жеңіл атлетикадан әлемдік сайыстың ашылу рәсіміне қатысты

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жеңіл атлетикадан Әмин Тұяқов жүлдесіне арналған II Astana Indoor Meet сайысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Халықаралық бәсеке Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өтіп жатыр. Бұл дүбірлі додаға 40 елден 110 спортшы келген. Турнирде ел намысын 44 атлетіміз қорғайды. Палата спикері мұндай әлемдік деңгейдегі жарыс жас буынды үлкен мақсаттарға жетелеп, ынталандыра түсетінін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазіргі таңда спорт саласына айырықша көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен ірі жобалар іске асырылуда. Кәсіпқой, әуесқой, бұқаралық және инклюзивті спорт түрлерін қатар дамыту жолында маңызды бастамалар қолға алынып жатыр. Қазақстанда халықаралық іргелі сайыстардың өткізілуі де сол ауқымды жұмыстың жарқын нәтижесі.