Атырау облысында 10 спорт кешені салынады
Атырау облысы тұрғындарының 45%-і бұқаралық спортпен шұғылданады, деп хабарлайды 24KZ. Мақат ауданында былтыр 10 мың адамды қамтыған 60-қа жуық спорттық шара өтіп, ауыр атлетикадан республикалық турнирдің жалауы желбіреді. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі елде үздік атанып, Туризм және спорт министрлігінің алғысхатына ие болды.
Мақат аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі былтыр күрделі жөндеуден өтті. Нысан үш ғимараттан тұрады. Мысалы, мына залда жастар күрестің әдіс-тәсілдерін меңгереді. Мектеп директорының айтуынша, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығы күннен-күнге артып келеді.
Әмірхан Жүгінісов, Мақат аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен күрделі жөндеуден өткізіліп тапсырылған болатын. Осы мектебімізде еркін күрес және қазақша күрес бөлімдері жұмыс жасап жатыр. Жасөспірімдерімізге қазіргі уақытта қолайлылық бар. Қазір балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің үш ғимараты бар. Екі ғимараты жұмыс жасап тұр. Бір ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Былтыр салынған мына стадион Мақат кентінің сәнін келтіріп тұр. Былтыр футболдан облыстық, республикалық жарыстар осында өткен. Сонымен қатар ауданда ұлттық спортқа да ден қойылып келеді.
Нұрлан Есболов, Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Ұлттық спортты дамыту бойынша 2024 жылы көптеген шара өткізілді. Биылдың өзінде әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бәйге, көкпар ойындарын, көптеген шараны ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Мақаттық жастар ауыр атлетикамен де шұғылданады. Қазір аудандағы спорттың 11 түрінен 1300-дей бала тегін жаттығып жүр. Жалпы облыс бойынша спорт нысандары көбейіп келеді. Былтыр 21-і пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Осылайша Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Махамбет аудандарының тұрғындарына спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасалмақ.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.