Егіз дзюдошылар ел чемпионатында топ жарды

Қазақстан чемпионатынан букмекерлік компания атаулары алынады. Қазақстан футбол федерациясы ішкі біріншіліктердің, оның ішінде Қазақстан чемпионаты және Қазақстан кубогының ресми атауынан құмар ойындар жарнамасын алып тастауға қатысты жұмыстарды бастады. Бұл мәселе соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланып жүр. Тіпті Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасында осыған қатысты арнайы норма да енгізілді. Жақын күндері осы жұмыстардың  ресми нақты нәтижесі шығады деп үміттеміз.

Қысқы Азия ойындарына 10 күн қалды

Қытайдың Харбин және Ябули қалалары алдағы аптада қысқы спорттар бойынша жылдың басты бәсекесін қабылдайды. Оған 34 елдің өкілдері қатысады. Араларында қазақстандық қыз-жігіттер де бар. Биылғы байрақты бәсекеге бас-аяғы 137 спортшымыз аттанады. Олар 10 спорт түрінде жүлдеге таласып көрмек. Жарыстың ресми ашылу салтанаты 7 ақпанға жоспарланып отыр және онда көк туымызды ұстап шығатын спортшылар да белгілі болады. Бұл құрмет хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трек шебері Ольга Тихонова бұйырды. Бұған дейінгі қысқы Азия ойындары 2017 жылы Жапонияда өтті. Ол кезде Қазақстан құрамасы 32 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Биыл да сол көрсеткешті қайталау жоспарланып отыр. Яғни жарыс қорытындысы бойынша қалай да алдыңғы бестікке кіруіміз керек. Ел намысын қорғайтын ұлттық құрама өкілдері қазір қызу дайындық жүргізіп жатыр.

 

Егіз дзюдошылар ел чемпионатында топ жарды

Орал қаласында жапон жекпе-жегінен жасөпірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Оған 900-ге жуық қатысушы жиналды. Араларында шымкеттік егіз қыздар бар. Нұрсезім Тұрлыбек және Гүлсезім Тұрлыбек. Екеуі де өз салмқатарында өте жақсы белдесіп, қарсылас шақ келтірмеді. Нәтижесінде Нұрсезім 63 келіде, ал Гүлсезім 70 келіде топ жарды. Осылайша бір үйдің қыздары 1 күнде жеңіс тұғырна көтеріліп, алтын медаль жеңіп алды. Дәл осылай Қазақстан чемпионаты аясында 16 салмақтағы үздіктер анықталды. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласының құрамасы бірінші сатыға жайғасты. Екінші орында Алматы қаласының өрендері болса Қарағанды облысынан келген спортшылар үздік үштікті түйіндеді. Бұл жекелей сында бойынша көрсеткіш. Ал бүгін командалық жарыстар өтеді.

 

Үздіктерге «Мұстафа Өзтүрік жүлдесі» беріледі

Мұстафа Өзтүрік жүлдесі. Қазақстан таеквондо федерациясы жылдың ең үздік спортшыларына дәл осындай атаумен арнайы сыйлық табыстамақ. Бастама алғаш қолға алынып тұр. «Қазақ елінде таеквондоның таралуына үлес қосқан және жетістіктердің жақсаруына мұрындық болған ұлы тұлғаны есте сақтау мақсатында осындай жүлде дайындадық. Аталмыш іс-шара жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылып, таеквондоның Қазақстандағы дамуына тікелей әсер ететін және осы спорттың құндылығын арттыратын жоба боларына сенім білдіреміз» - делінген Қазақстан таэквондо федерациясы таратқан хабарламада. Жыл үздіктерін марапаттайтын салтанатты шараның өзі 1 ақпан күні Астанада өтеді. Айта кетейік, соңғы кезде отандық таеквондода үлкен өзгерістер болып жатыр. Париж Олимпиадасынан кейін ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырған басшысы Вячеслав Ким өз еркімен отставакаға кетті. Оның орнына Құдірет Игнатұлы келді. Алғаш рет Қазақстан чемпионатына шетелдік төрешілер шақыртылып, жарыс ашық әрі әділ өтті. Бұған қоса алғаш рет бас бапкерге іріктеу жарияланды. Яғни бұрынғыдай басшы қалаған адамды тағайынған жоқ. Арнайы байқау ұйымдастырылып, оған 8 үміткер қатысты. Араларынан Есбол Сұлтановтың кандитатурасы лайықты деп танылды.