Бұдан былай легионерлерге мемлекеттен қаржы бөлінбейді
Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны үш есе қысқарады. Заңға «жоғары жетістіктер спорты» деген түсінік енгізіліп, қаржы енді соларға бағытталады. Бұл: Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Пара Азия және ұлттық спорт түрлері. Бүгін Мәжіліс Дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады.
Легионерлерге мемлекет және квазимемлекеттік сектор бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын норма қабылданды. Енді салаға бөлінетін бюджет қаражаты мына бағыттарға жұмсалады. Олар: жоғары жетістіктер спорты мен басым спорт түрлері, мемлекеттік ұйымдар, бұқаралық спорт, және спорттық инфрақұрылымды дамыту.
Тағы бір маңызды түзету. ұлттық спорт ойындары басым спорт түрлерінің қатарына енгізіледі. Елде бір спорт түрі бойынша бір ұлттық спорт федерациясы ғана аккредиттеледі. Бұған қоса спорттық медицинаны дамыту, спортшыларды даярлау стандарттарын әзірлеу мен бекітуге бағытталған жаңа ережелер қарастырылған.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасы еліміздің дене шынықтыру саласындағы жылдар бойы қордаланған мәселелерді мадиықтап, спорттағы сірескен тоңның көбесін сөгеді және қазынаның қаржысына қол салған, қол салғанда мол салған талайдың тәбетін қайтарып, бюджеттен спортқа бөлінген ақшаның діттеген жеріне жетуін қамтамасыз етеді. Тарқатып айтайын, заң жобасына депутаттар бірнеше маңызды нормаларды енгізді. Мәселен, министрлік бұрын бекітіп жіберген, атының өзін ағайын білмейтін спорт түрлерін қазына қаржысынан қағу үшін нақты шешім қабылданды. Заңға жоғары жетістіктер спорты деген түсінік енді, салаға бөлінген мемлекеттің қаржысы енді соларға бағытталады.