Харбин 2025: керлингтен Қазақстан құрамасы Катарды жеңді

Керлингтен Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан 9-қысқы Азия ойындарында жерлестеріміз Қатар құрамасымен кездесті. Аралас жұптар арасындағы топтық кезеңнің үшінші матчында Әмина Сейітжанова мен Азизбек Надирбаев 8 кезеңнің қортындысында, басымдылықты қолдан бермей, 7:4 есебімен жеңіске жетті. Олар осыған дейін 5:11 есебімен Қытайға, 0:12 есебімен Кореяға жол берген болатын. Енді жерлестеріміз Филиппин мен Қырғызстан мемлекетіне қарсы кездесу өткізеді.

EURO-2026: футзалдан Қазақстан құрамасы Данияны тізе бүктірді

Футзалдан Қазақстан құрамасы Данияны тізе бүктірді. Жерлестеріміз 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі төртінші ойынын аталған командаға қарсы өткізді. Кездесу барысында ел құрамасы бірінші кезеңде төрт гол соқты.  Оған даниялық футзалшылар үш голмен жауап берді. Екінші кезеңде ел құрамасы тізгінді өз қолына ұстауға тырысты. Нәтижесінде Азат Валиуллин, Дамир Қайырбай, Дәурен Тұрсағұлов мергендік танытты. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 7:3 есебімен басым түсті. Айта кетейік, ел құрамасы іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында Албанияны 2:0 есебімен жеңіп, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнап, Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалған болатын. Енді құрама жігіттері 7 наурызда өз алаңында Албанияны қабылдайды. Артынша 12 наурызда Армения құрамасына қонаққа барады.

Елена Рыбакина Абу-Даби турнирінде ширек финалға шықты

Елена Рыбакина ширек финалға шықты. Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Әбу-Даби турнирінің екінші айналымында америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасты. Қарсыластар осыған дейін 2022 жылы Ролан Гаррос турнирінде кездесіп, онда Рыбакина 6:4, 6:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық теннисшінің жиі қателескенін пайдаланған Волынец 6:1 есебімен алға кетті. Ал екінші, үшінші сетті жерлесіміз өз пайдасына шешті. Енді Елена жартылай финалға шығу үшін  «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін финалисі, тунистік Онс Жабер немесе рейтингіде 837-сатыдағы жапониялық, 17 жастағы Вакана Сонобэнің қай жеңгенімен таласады. Тағы бір қазақстандық, әлемнің 21-ракеткасы Юлия Путинцева болса екінші айналымда Маркета Вондроушоваға жол берді.