БҚО-да фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды
Батыс Қазақстан облысының Өлеңті ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.
Бұрын медициналық тексерістен өту үшін аудан орталығына баруға мәжбүр болған тұрғындар енді ауылда қызмет ала алады. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Өлеңті ауылының дәрігерлері бұған дейін әкімдік ғимаратынан бөлінген аядай кабинетте қабылдайтын. Бөлменің тарлығы мен құрал-жабдықтың тапшылығы қызмет сапасына кері әсерін тигізгені анық. Енді бөлек ғимарат пен жаңа құрылғылар беріліп, ауылдастар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Роза Кәуенова, фельдшер:
- Қазір енді компьютерлер беріп жатыр, бәрі жаңа. Процедура бөлмесі, балаларды қабылдайтын және дәрігерге дейінгі бөлмелер бәрі жеке.
Күміс Әнесова, ауыл тұрғыны:
- Аудандық ауруханаға барып, қаралып жүрдік. Егілгенде де сонда барып егілдік. Енді қазір үйдің қасынан өте жақсы болды. Біз сияқты зейнеткерлерге керім. Халықтың игілігіне болсын! Енді өте қуаныштымыз. Ауылымыз көркейіп жатыр.
Құрылысқа 170 млн-нан астам теңге жұмсалған. Тиісті жұмыстар 3 ай ішінде аяқталды. Ұлттық жоба бойынша биыл облыста 12 медициналық нысанның құрылысы басталған еді. Қазір соның үшеуі тапсырылды.
Ерлан Тоқсанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Өлеңті ауылының 950 халқына қызмет көрсетеді. Скринингтен өтуіне, олардың денсаулығын нығайту бағытында септігін тигізеді деп есептейміз. Мұнда қызметкерлер жалпы бар. Оған қоса тағы да алады. 2025 жылға шейін 50 нысан салуды жобалап отырмыз.
Облыста шалғай ауылдарды дәрігерлермен қамтуға басымдық беріліп жатыр. Бұл мақсатта облыс бюджеті есебінен әр маманға 5 млн теңгеге дейін бір реттік төлем беріле бастады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.