«Жасыл» облигациялар AIX биржасына шығарылды
Бүгін Қазақстанның даму банкі "жасыл" облигацияларын Астана халықаралық биржасына орналастырды.
Бұл құнды қағаздардың бағасы 15 млн доллар. Сатылымнан түскен қаражатты банк жасыл энергетика бағытындағы жобаларды қаржыландыруға жұмсамақ. Жаңа жобалар еліміздің орталығы мен батысында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Бүгінгі дата Қазақстанның даму банкі үшін тарихи болды. Қаржы институты алғаш рет Астана халықаралық биржасына өзінің жасыл облигацияларын орналастырды. Бұл құнды қағаздар CBI стандарты бойынша сертификатталғанын да атап өту керек. Орталық Азияда бұндай халықаралық сертификаты бар жасыл облигациялар биржаға алғаш рет шығып отыр.
Марат Елібаев, "Қазақстанның даму банкі" АҚ Басқарма төрағасы:
- Жасыл облигациялар шығару Қазақстан даму банкінің елеулі оқиғаларының бірі. Осы шығарылым Astana International Exchange қор биржасында Қазақстанның даму банкінің алғашқы сәтті мәмілесі. Атап өту керек осы шығарылым халықаралық стандарттарға сай келеді. 15 млн доллар. Бұл ақша жасыл энергетика жобаларына жұмсалады.
Бұндай жасыл облигациялардың биржаға орналастыруы инвесторлардың қызығушылығын арттырады деп күтіледі. Себебі құнды қағаздардың саудасынан түскен қаржыға елімізде баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылатын болады. Олар Қазақстанның орталығы мен батысында іске қосылмақ.
Марат Елібаев, "Қазақстанның даму банкі" АҚ Басқарма төрағасы:
- Жобаларды келесі жылы қаржыландырамыз. 2026 жылы сол жобалар іске қосылуы керек.
Нақтырақ айтқанда баламалы энергия көздерін өндіретін жоба таңдалып алынады. Оны жүзеге асырудың арқасында Қазақстанда жалпы генерацияда жасыл энергияның үлесі артып, жүйедегі қуат тапшылық азаяды деп күтіледі.
Риат Шони, Ербол Дайыров