БҚО-да 2 мыңға жуық адам тасқынмен күресіп жатыр
Батыс Қазақстан қазір барлық күш-жігер су тасқынының алдын алуға және зардабын жоюға жұмылған.
Өңірде 2 мыңға жуық адам қар ерігелі айтып келмейтін апатқа тойтарыс беріп жатыр. Көмекке Маңғыстау, Алматы облыстарынан да құтқарушылар келген.
Орал қаласы мен 6 ауданда биыл 600-ге жуық үйді су басты. Қазір Сырым, Қаратөбе аудандарында келген шығын есептеліп жатса, Теректі, Бәйтерек, Бөрлі аудандарында құтқарушылар әлі ағын сумен арпалысып жатыр.
Нұржан Төлеуіш, БҚО ТЖ департаментінің аға инженері:
- Осы уақытқа шейін 800 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылды, 170 мыңнан астам қапшық төселді және де 1900-ден астам адам, 365 техника, 76 мотопомпа жұмыс жасап жатыр.
Тасқынға тосқауыл қойып жатқан оралдықтарға өзге өңірлерден де көмек келіп жетті. Маңғыстаулық 55 құтқарушы Ақтөбедегі апаттың беті қайтқан соң Батыс Қазақстанға бағыт алыпты.
Есенбек Накупов, маңғыстаулық құтқарушы:
- Жұмыстың оңайы жоқ. Барлығына аян, жігіттер күні-түні жұмыс жасап, елге қызмет жасаймыз деп, барлық күштерін салып жатыр. Күш біріктіріліп, бірігіп жасасақ, барлық төтенше жағдайлардың, қиын жағдайлардың алдын алуға болады.
Күні бүгін өзендер сабасына түсіп, тұрғындар үйлеріне орала бастады. Әрине, келген шығын аз емес. Бұл ретте зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетуге бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. «Өзге де шығындар өтелері сөзсіз. Бастысы – бірлік, сабыр мен сенім», – дейді елдің естілері.
Қайролла Сабыров, «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Қазір өзіміздің бауырларға көмектесу барысында ел болып жұмылып жатыр, кейбірі үйлеріне паналатып жатыр. Дегенмен әлі де қауіп-қатер бар екенін біліп, ұйымшылдықты, бірлікті дәлелдеуіміз қажет. Ердің ерлігін, елдің елдігін сынайтын кезең келді.
Бүгінде Ақжайыққа өзге өңірлерден де гуманитарлық жәрдем жетіп жатыр.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.