Астанадан 250 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
Аймақтардағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін елордада 9 гуманитарлық көмек жинау пункті ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Игі іске 50-ге жуық еріктілер ұйымы атсалысып жатыр. Бірнеше күннен бері азық-түлік, киім-кешек, тазалық құралдары мен балаларға ойыншыққа дейін жиналды. Астанадан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 250 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Гуманитарлық көмекті ұйымдастырушылар тасқыннан зардап шеккен аймақтағы азаматтармен тығыз байланыста. Олардың сұратуы бойынша қажетті заттардың тізімі жасақталған. Азық-түлік, киім, төсек жабдықтары мен өзге де қажетті бұйым буып-түйіліп, көлікке тиелді.
Ерлан Каналимов, қалалық мәслихат төрағасы:
- Гуманитарлық көмек беріп жатқан жалғыз Астана қаласы емес. Табиғи апат болғалы ел болып жұмылып жұмыс істеп жатырмыз. Еркітілеріміз, демеушілеріміз бар, депутаттық корпус, қалалық филиал, әкімдік бар. Барлығы бір үйдің балаларындай бірлесіп. Бұған дейін біз 5 көлікті жіберген болатынбыз. Қостанай облысына, Ақтөбеге кеткен болатын.
«AMANAT» партиясының қалалық филиалы, «Жастар Рухы» жастар қанаты, әкімдік және бизнес өкілдері көмекке атсалысты. Бұған дейін Қостанай, Қарағанды облыстарына жүк жөнелтілді. Көмек жинау пункттерінде күн сайын жүкті сорттау мен жөнелту жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр.
Мағзұм Арсланбек, қалалық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Көмектесем деген ниетпен Астана қаласы жастары осы жерге келіп, бірегей жұмыс атқарып жатыр. 3-4 күннің ішінде осы жұмысты үйлестіріп жатырмыз. Осы акцияға 100 шақты жастарымыз қатысып жатыр.
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек беру жалғасады. Енді су сорғысы, резеңке етіктер, дәрі-дәрмек сатып алынады. Ұйымдастырушылар өңірлерде баспаналарды қалыпқа келтіру үшін де күш біріктіруге әзір.
Авторлары: Рухани Асқар, Серік Қоңырбаев.