Шымкентте экологиялық науқанға 22 мың адам қатысты
Шымкентте 200 тоннадан астам қоқыс шығарылды, деп хабарлайды 24KZ.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 22 мыңнан аса адам атсалысып, белсенділік танытты. Мегополисте тазалық акциясы 5 апта бойы жүреді. Президенттің бастамасынан кейін жаппай қолға алынған болатын. Еріктілердің айрықша енбегін аймақтағы әріптесім тарқатады.
«Таза өлке» деп аталатын экологиялық акцияның алғашқы аптасы бұқаралық сипат алды. Табиғат жанашырлары республикалық маңызы бар А-2 айналма жолының бойына жиналды. Жол жиегін қоқыстан тазартып, Бадам өзенінің жағалауын абаттандыруға үлес қосты.
Қанат Жұмаев, қала тұрғыны:
- КАМАЗ кетіп жатыр ғой, қап былай тұрсын. Қанша ЗИЛ-дарға артып жатырмыз. Енді оны былай санаған жоқпыз, сөздің ашығы. Бірақ әжептәуір қоқыс жиналып жатыр. Әркім өзі тастамаса, қоқысты еліміз таза, көгеріп, гүлденетін едік.
Бастамашы топ қалаға қарасты 5 ауданның аумағын секторларға бөлді. Акцияға қатысушылар талдардың түбін әктеу, қоқыс жәшіктері мен аялдамаларды, орындықтарды сырлау жұмыстарын өзара топтасып атқарды. Осылайша, «Қазақстан мен Түркия достастығы және Алатау» саябақтарын, Назарбеков атындағы аллеяны әп-сәтте тазалап шықты.
Пердеш Есенбеков, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
- Жас ұрпақ пен алдыңғы буын ақсақалдардың арасындағы ұрпақтар сабақтастығы болып, абаттандыру бағытында сенбілік жұмыстары жалғасын тауып жатыр.
Жалпы республикалық науқанда тұрғындар мен қоғам белсенділері, спорт саңлақтары мен мәдениет майталмандары да көпке үлгі көрсетіп, көшені көріктендіруге үлес қосты.
Біржан Байтуов, айтыскер ақын:
- Қоғамда тазалық сақтау мәдениетін әлі де қалыптастыра түсуге, әлі де оны жетілдіре түсуге мүдделіміз. Акция болсын-болмасын, еліміздің отанымыздың таза болуы үшін әр азамат өзінше үлес қосуы керек деп ойлаймын.
Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясына 22 мыңнан астам адам жалпыхалықтық науқанға шықты. Барлығы 120 шақырым болатын көше мен ирригациялық жүйелер тазартылды. Нәтижесінде қаладан 213 тонна күл қоқыс шығарылды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.