«Семей орманы» табиғи резерватында 23 мың түп қарағай егілді
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Абай облысының тұрғындары да белсене атсалысып жатыр.
Бүгін «Семей орманы» табиғи резерваты аумағына 23 мың түп қарағай көшеті отырғызылды. Тазалық шарасына 500-ден астам қала тұрғыны қатысты.
Экологиялық акцияға қатысушылардың ең үлкені – Кәрібай Сұлтанұлы. 88 жаста. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері тазалық шарасына қуана-қуана келгенін айтады.
Кәрібай Сұлтанұлы, қала тұрғыны:
- Мына табиғатқа үлкен көмек көрсетеміз деп осы ардагерлер ұсыныс жасап, соған келіп отырмыз. Мынаған өте ризалығыммен келіп, осыған қуанышыммен өз үлесімді қосайын деп қатысып отырмын. Осында бәрі ақсақалдар шын ниетімен табиғатқа анық ниетімізбен көмегімізді жасайық.
Альбина Камильжан, оқушы:
- Жалпы бұл акцияға мен алғысымды білдіргім келеді. Өте қуаныштымыз. Өзіміздің табиғатты аялайық акциясына қатысып жатырмыз. «Орман – ел әулеті, жер дәулеті» демекші.
«Семей орманы – менің орманым!» ағаш отырғызу акциясына қаладағы 10-нан астам кәсіпорынның қызметкері қатысты. Оқушылар, студенттер, әскерилер, полицейлер мен ардагерлер 5 гектарға қарағай көшетін отырғызды.
Нұржан Бекенов, «Семей орманы» табиғи резерваты Семей филиалының директоры:
- Жерге мына 2 жылдық қарағай көшеттері отырғызылды. Бұл шараға қатысып отырған 12-ден астам мекеме жұмыскері қатысып отыр. Бұл өскін қарағай көшеттері 2 жылдық. Бұл 2 жылға дейін біздің Семей орманында арнайы питомник жерлер бар. Сонда 2 жылға дейін күтім жасалады.
Жыл соңына дейін «Семей орманы» табиғи резерваты аумағындағы 6 мың гектарға 29 миллион көшет отырғызылады. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі көшелер жөнделіп, аулалар абаттандырылады.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.