Елордалықтар үйлерінің айналасын қоқыстан тазартты
«Қоршаған ортаның тазалығы ауладан басталуы тиіс». Осылай деген Елорда тұрғындары көрші-көлем болып өз үйлерінің айналасын қоқыстан тазартты.
Акцияға балалар да қатысып, ата-аналары оларды табиғатты қорғауға және аялауға баулыды.
Әсем әуеннің ырғағымен ән шырқап, ауланы тазартып жатқан Р. Қошқарбаев көшесінің тұрғындары. Мұндағы көрші-көлем экологиялық акцияны ортақ мерекеге айналдырды. Таң атысымен кәрі-жасы құрал-саймандарын қолына алып, тұрғын үй кешенінің айналасын мұнтаздай таза етті.
Райхан Рақымжанова, қала тұрғыны:
- Адамның көңілі де таза болады, аула таза болса. Адамның бақыты да жанады, балалардың нұры болады деген сияқты. Сондықтан, міне, өзіміздің ауламыздан бастап жатырмыз. Осы үйдің тұрғындарымыз. Әр сенбіде осылай тазалық күні бола берсін. Біз әрқашан ризамыз, қатысамыз.
Тап-таза күйге енген аула көрші-көлемнің ауызбіршілігін айқындап тұрғандай. Қаладағы өзге тұрғын үй кешендерінде де осындай көрініс байқалды. Әр ауладан ондаған қапшық қоқыс шығарылған.
Қуаныш Оспанов, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Тұрғындарымыздың бәрі шықты. Өзіміздің ауламыздың тазалығын өзіміздің мәдениетіміз деп түсінеміз. Бұл бірінші сенбілік болмайды. Алда әлі 2-3 сенбілік бар жоспарлаған. Менің ойымша, әр тұрғын өзінің тұратын жерін таза ұстаса, ол – біздің болашағымыз. Келер ұрпаққа таза экология қалдырып жатсақ, соның өзі үлкен қуаныш деп ойлаймын.
Тұрғындар экологиялық акцияны жиі өткізіп тұруға әзір. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» деп аталған апталықтар негізінде көшелерді, тарихи ескерткіштер мен өзен-көлдерді қоқыстан тазартып, көшеттер отырғызады.
Авторы: Еркебұлан Смадияров.