Шымкентте адам құқығын қорғау жөнінде семинар-тренинг өтті
Адам құқықтарын қорғауды ұлттық және халықаралық тетіктердің тиімді тәсілдерін пайдалану негізінде жүзеге асыру қажет.
Әлемде зорлық- зомбылық, адам саудасына қатысты қылмыс азаймай отыр. Осыған байланысты елде бірқатар заң нормалары жетілдіріліп, құзырлы органдардың жұмысы жүйелене бастады. Бұл туралы Шымкентте Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен өткен семинар-тренингте айтылды.
Әлемде заңсыз қару-жарақ сату мен есірткі бизнесінен кейін мәжбүрлі құлдыққа қатысты қылмыс көбейіп барады. Ал елімізде соңғы кезде адам саудасымен байланысты 130-ға жуық жағдай тіркелген. 2022 жылы Шымкентте зорлық-зомбылыққа қатысты 50-ден аса іс ашылса, былтыр көрсеткіш 10 дерекке азайды. Осы орайда Адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері бірқатар бастама көтеріп отыр.
Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:
- Бүкіл әлемде осы мәжбүрлі еңбектен ғана түсетін табыстың көлемі 150-160 млрд АҚШ долларын құрайды екен. Сондықтан бұл адам саудасымен айналысатын адамдар жасырын қылмыс жасайды. Осыларды болдырмас үшін біз, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, еңбек инспекторларын орталыққа беру жөнінде ұсыныс көтеріп жүрміз.
Семинар-тренингте бұл тақырыптан бөлек, ел азаматтарының құқығын қорғаудың түрлі жолдары түсіндірілді. Жоғарғы сот пен құзырлы органдардан бөлек, халықаралық ұйымдардың көмегі айтылды. Яғни, Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты комитеттерге азаптау, әйелдер ісі, нәсілдік кемсіту, мүгедектерді қорлау, адам және бала құқықтары бойынша жүгінуге болады.
Фолькер Фробарт, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы:
- Зұлымдық Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар. Сондықтан бұған қарсы тұру – өте маңызды қадам. Осыған қатысты Қазақстанда қабылданған бірқатар реформаны түсіндіру, кеңінен тарқату өз нәтижесін беруі тиіс. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мақұлданған заң жобасы адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Семинар-тренингке жергілікті құқық қорғау және сот органдарының өкілдері, халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандары қатысты. Олар өз ойларын ортаға салып, тұрмыстық жанжалдың алдын алу мен шешу жолдарын ұсынды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.