Қостанайда ардагерлердің ауласы абаттандырылды
«Таза Қазақстан» акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында қостанайлық жастар қарт кісілердің үй аулаларын жинап, азық-түлік жеткізіп берді, деп хабарлайды 24KZ.
Ізгі шараға қоғамдық ұйым өкілдері, волонтерлер белсенді түрде атсалысты. Апта ішінде олар 16 ардагердің үй шаруасына көмек көрсеткен.
Қостанай облысында көзі тірі небәрі 14 Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері бар. «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында жастар бірінші кезекте сол майдангерлерге құрмет, қолдау көрсетуді мақсат етіпті. Жасы жүзге тақаған Михаил Подоляков ауласын жинастырып жүрген жастарды көріп, шыдамай далаға шығып, алғысын білдірді.
Михаил Подоляков, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері:
- Осындай тәртіпті, тәрбиелі жастар өсіп келе жатқандығына қуанамыз. Майдангерлерді сыйлап, құрметтеп жатырсыңдар. Өте ризамын. Ғұмыр-жастарың ұзақ болсын.
Еріктілердің арасында мектеп жасындағы балалар да бар. Бұл – өнегелі іс-өскелең ұрпаққа үлкен тәрбие, – дейді ұйымдастырушылар.
Ләйлә Балғабаева, волонтёр:
- Біздің ортамызда тек біз емес, еріктілер ғана емес, басқа балалар да бар. 13 жастағы балалар. Осылай сыпырып бар жерін, азық-түлікпен қандай жағдай көмек керек болған кезде келіп, осылай көмектесіп жатырмыз. Осы игі іс жастарды үлкен адамдарымызды, қарттарымызды сыйлауға, құрметтеуге үйретеді.
Осы апта басынан бері қостанайлық жастар 16 қарт кісінің үй маңын жинастырып, түрлі көмек-қолдау көрсеткен.
Мұрат Ысқақов, қоғамдық даму басқармасының жастар ісі жөніндегі басшысы:
- Жастар шығып, ағаш отырғызып, жерді тырналап, ақтап, азық-түлікті алып келеміз. Соларға жастар ресурсы орталығынан, Азаматтық Альянс қорынан 200-ден астам жастар қатысты.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері облыс бойынша 5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 3 мыңға жуық түп жас көшет егілді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.