Көмір өндірісінде тұңғыш рет қауіпсіздікті арттыру жобасы қолға алынды
Елімізде тұңғыш рет Қарағандыдағы Тентек көмір шахтасында өндіріске дейінгі газдан тазарту жұмыстары қолға алынды.
Бұл иіссіз әрі түссіз метан газын кен жынысынан ажырату арқылы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жоба. Қазір шахта аумағында алғашқы скважиналарды бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр.
КТМ «Тентек» шахтасы аумағында қазір үш бригада жұмыс істеуде. Мұнда келешекте 8 лавада көмір өндіріледі. Жер астында 16 миллион тонна қара алтын жатыр. Оған дейін 200 миллион текше метр метанды ажыратып алу қажет. Өндірісті қауіпсіз етуге бағытталған жоба бұған дейін Кузбасстағы көмір шахтасында сынақтан өткізіліп, өз жемісін берген. Қазір ондағы метан газының мөлшері 50 пайызға азайған.
Әлім Аймырзаев, Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік қауымдастығының төрағасы:
- Бұл жоба ең бірінші кезекте шахтерлар жұмыс істеген кезде соны қауіпсіз етуге бағытталған. Өйткені көмір пластасында міндетті түрде газ бар. Сол метан газын мына Тентек шахтасында қазір ешқандай көмір өндіріліп жатқан жоқ. Екі жылдан соң алынады. Оған дейін мына компания 800 метрге дейін скважина қазып, метан газын бұрғылап шығарып, сосын оны бөшкелерге құйып ары қарай пайдалануға жібереді.
Пилоттық жоба аясында шахта аумағында бастапқы 10 скважина бұрғыланады. Олардың тереңдігі көмір лавасының қалыңдығына байланысты 1000 метрге дейін жетеді. Осыдан соң плазмалық импульстау әдісімен жер қыртысында ұсақ жарықтар жасалады. Солар арқылы метан газы скважина бойына жиналып, қысыммен жоғарыға өздігінен шығады, дейді мамандар.
Александр Полчин, QARMET АҚ Көмір департаменті ғылыми-инженерлік орталығының бастығы:
- Біздің шахталарда газ мөлшері өте көп. Оны тазартудың түрлі технологиясын сынап көрдік. Алайда көбі тиімсіз болып шықты. Кузбасс шахтасында болып, ондағы қолданылып жатқан әдіспен таныстық. Арнайы ғылыми-зерттек тобы жұмыс істеді. Қарағанды кеніштеріне осы технологияны енгізуге болатынына көз жеткіздік.
Бір ғана «Тентек» шахтасын толық газдан тазарту үшін 87 скважина бұрғылануы керек. Алғашқы метан шығару жұмыстары осы күзге жоспарланып отыр. Кеніш толық қауіпсіз болған соң ғана көмір өндірісі басталады. Келешекте мұндай газдан тазарту жобасы компанияға қарасты барлық шахтада жүзеге асырылады.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар