Сахалин шағынауданы толық сумен қамтылады
Қарағандыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қаланың Сахалин деп аталатын ықшамауданында 40 жылға жуық уақыттан соң ауызсу және кәріз құбырын тарту жұмыстары басталды. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Кейін бұл жеке үйлер аумағына жол төселіп, көшелері абаттандырылады.
Татяна Кипричтің бұл үйде тұрып жатқанына 10 жылдай болған. Тіршілік нәрін бұлақтан тасып ішеді. Ал бақшаны суаруға жаңбыр суын пайдаланады. «Орталық су құбырына қосылатынымызды естігенде мұндағы тұрғындар қатты қуандық», – дейді ол.
Татьяна Киприч, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Бұлақтан 40 литрлік бөшкемен су тасимын. Болмаса дүкеннен әкелемін. Мен үшін бұл өте қиын. Жас емеспін, белім ауырады. Енді шамалы шыдасақ, ол қиындықтардың барлығы артта қалады.
Сахалин ықшамауданында 3 мыңнан астам тұрғын бар. Соның жартысы өз қаражатына орталық су құбырына қосылған. Қалғаны жылдар бойы су азабын тартып келеді. Биыл мұнда жалпы ұзындығы 9 шақырым су және 4 шақырымнан астам кәріз құбыры тартылады. Оған жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Осылайша, қалған 400 үйдің мәселесі толық шешіледі.
Асқар Әукешов, мердігерлік компания директорының орынбасары:
- Бүгінгі таңда 1,5 метр су құбыры, кәріз құбыры 350 метредей жүргізілді. Бізде мына Саранда зауыт бар, құрылыс материалдарын содан алып жатырмыз. Құбырды, темір-бетон құдыққа салып жатқан барлығын.
Құбыр тарту жұмыстары біткен соң ықшамауданды абаттандыру басталады. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай ауқымды жұмыстар өңірдің барлық аудан, қаласында қолға алынған.
Жалпы облыс тұрғындарының 99%-і орталық су жүйесіне қосылған. 2025 жылдың соңына дейін толық қамту жоспарланған.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.